Кентауда ауыл шаруашылығы саласын дамыту бойынша семинар өткізілді
Кентау қаласында ауыл шаруашылығын дамыту бойынша шаруа қожалықтары және кәсіпкерлермен семинар өтті. Жиынға қала әкімі Рашид Аюпов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Түркістан облысы филиалы басшысының орынбасары Азат Муйтембаев, «Оңтүстік» АИО несиелендіру департаментінің бас менеджері Мақсат Асанов, «Ырыс» МҚҰ аймақтық сарапшысы Нұрдаулет Кеңесбаев, «Атамекен» ҰКП Кентау қалалық филиалының директоры М.Садуов, «Turkistan» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы, Кентау бөлімінің басшысы Х.Мәденбай қатысты.
Келелі жиынды қала әкімі Рашид Абатұлы ашып, семинардың мақсатына тоқталды. Ауыл шаруашылығын дамыту бойынша жаңа әдіс-тәсілдер мен несие ұйымдарының бағдарламаларын кеңінен түсіндіру мақсат екенін атап өтті. Қажетті ақпарат алып, шаруашылықты дамытуға қолдануды ұсынды.
— Жеріміз жеткілікті. елімізде азық-түлік бағасы шарықтап барады. Сол себепті, ауыл шаруашылығын дамыту арқылы ғана біз осы мәселені шешуге мүмкіндіктер аламыз. Ол үшін шаруалар жан-жақты тәжірибе алмасып, заманауи тәсілдер арқылы өнім өндіруді қолға алу қажет —, деді қала басшысы.
Әр баяндамашы өз саласы бойынша мемлекеттен берілетін көмектер мен ауыл шаруашылығы саласын дамыту бойынша ақпарат беріп, тәсілдермен бөлісті. «Bnk Leasing» компаниясының өкілдері егін шаруасына қолданатын тиімді суғару техникасы жайында түсіндірме жүргізді.
Кентау қаласына Оңтүстік Кореядан әкелінген шағын жаңа техника таныстырылды. 20-25 гектар жерді үнемді суғаруға арналған техника 400 метрге дейін су шашып, егінді суғарады.