Келестік жеткіншектердің келісті тірлігі

Келес ауданындағы №11 «Жолбасшы» жалпы орта мектебінің 9-сынып оқушысы Айкөркем Данабек үй гүлдерін өсірумен айналысады. Арнайы жылыжайда үй гүлдерінің 10-ға жуық түрін баптап өсіріп отырған дарынды оқушы биология пәні мұғалімінің жетекшілігімен зерттеу жұмыстарын да жүргізуде.

– Қазіргі таңда гүл өсіру әлемде қарқынды дамып келе жатыр. Гүл өсіру, әсіресе, Нидерланды, Германия, Жапония секілді бірқатар елдерде өте жақсы дамыған. Тараз қаласына жолым түскенде ботаника бағының жылыжайында өсіріліп жатқан гүлдердің мыңдаған түрі мен сортын көріп қалдым. Табиғаттың сәнін келтіретін, әлемге сұлулық сыйлайтын гүлді өсіру оңай емес. Ол өскеннен кейін емес, өскенге дейін де ерекше күтімді қажет етеді. Гүл өсіру үшін оның әдіс-тәсілдерін жетік меңгерген жөн. Қалай өсіру керек, қандай материалдар қажет? Осы сынды түрлі сұраққа жауапты өзім тұрып жатқан Келес ауданы, Жолбасшы елді мекенінде гүл өсіретін Бахтияр Исмаилов дейтін ағамның жылыжай шаруашылығынан таптым, – дейді еңбекқор қыз.

Жас ғалым гүл өсіру үшін кем дегенде үш-төрт ай, ал, кейде жарты жыл уақыт қажет екендігін айтады:

– Көп адам жылыжайдың басты проблемасы жылыту деп ойлайды. Көктем және жаз айларында гүлдер үшін ауаны қалай салқындатуды білу де маңызды. Жылыжайларда желдеткіштер үнемі жұмыс істеп тұруы қажет. Егер өшірілсе, 30 минут өтпей-ақ жылыжайда 30-35 градус жылы болады. Мұндай кезде гүлдерге жылу  шамадан тыс көп беріліп, улы газдардың жоғары деңгейде түзілуіне әкеп соқтыруы мүмкін. Жазда желдеткіштің шамасы келмейді, қабырғаларды мүлдем алып тастауға тура келеді, – дейді Айкөркем.

– Айкөркем бүгінде гүл мен бұталы ағаштарды жерсіндіріп, жетілдіруде. Шағын жылыжай ішінде қазір 10-ға жуық өсімдік түрі жайқалып тұр, – дейді Айкөркемнің ұстазы Биғазы Әріпбаев.

Келесте өсімдіктер әлемін зерттеумен айналысып жатқан оқушы жалғыз Айкөркем емес. Р.Қошқарбаев атындағы №37 жалпы орта мектебінің 8-сынып оқушысы Нұрсұлтан Сәрсенбек қайың ағашының бірнеше түріне сипаттама жасау арқылы лабораториялық жағдайда микроөркендерін арнаулы контейнерлерге бөліп өсіріп, оларды жеке торфты таблеткаларға отырғызды.

Жас ғалым «Қайың ағашының пайдасы мен ерекшеліктері, оны шаруашылықта және медицинада қолдану» тақырыбында зерттеу жүргізіп жатыр. Нұрсұлтанның мaқcaты – қaйың ағаштарының емдік қасиеттері мен ерекшеліктерін зерттеу.

Нұрсұлтан өзінің алдына нақты міндет қойған. Ол Корель және Даур қайыңдары декоративті болғандықтан қайыңның бұл түрін сабағынан немесе жапырағынан көбейту арқылы медицинада және адам денсаулығы үшін пайдалануға болатынын айтады.

– Ақсу, Балдыберек, Төңкеріс, Қасқасу елді мекендерінде өсетін қайың түрлерінің микроөркендерін бөліп алып, Түркістан облысының көрікті жерлеріне егіп, зepттeу apқылы жaңa ғылыми дepeктep aлуға болады, – дейді жас бағбан.

Нұрсұлтанның ғылыми жетекшісі, биология пәнінің мұғалімі Сенбі Мамашов шәкіртінің ғылымға деген ынтасын дұрыс бағытқа бұрып, оның ғылым жолына түсуіне өз үлесін қосуда. Мектеп мұғалімі оқушысымен бірге қайыңның жас өркендерін торфты таблеткаларға отырғызуға көмектесті. Алдағы уақытта Нұрсұлтан осы зерттеуін ғылыми жобалар байқауына ұсынбақ.

ПІКІР ЖАЗУ