Келесте өнер жұлдыздарының қатысуымен жастармен кездесу өтті
Келес ауданында өнер жұлдыздарының қатысуымен аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев жастармен еркін форматта кездесу өткізді. Аудан орталығында орналасқан Әшірәлі Кенжеев атындағы мәдениет үйінде өткен кездесуге өнер жұлдыздарынан Келес ауданының тумасы, актриса Ұлбосын Шалқарова, Өзбекстандық эстрада жұлдызы Алишер Байниязов және Жайдарман ойындары арқылы көпшілікке танылған Жандос Зиябеков пен Бақдаулет Жаманқұлов қатысты.
Кездесуге аудан аумағындағы ауыл, ауылдық округтерден білім, мәдениет саласының жастары, жас кәсіпкерлер, ерікті жастар мен мүгедектігі бар жастар келді. Кездесу кешінің тізгінін аудандық Жастар Ресурстық орталығының директоры Айбек Ташкенбай ұстады.
– Жастар – болашақтың бастауы, келешектің көкжиегін қалыптастырушы, қоғамның қозғаушы күші. Ақыл – жастан дейді, олардың тың идеялары, бастамалары мен жобалары ел үшін, мемлекеттің ертеңі үшін үлкен инвестиция. Жастар қашанда жігерлі, ашық, еркін өсуі тиіс. Айтарын ашық, бүкпесіз жеткізуі керек. Ауданның кемелденуі, болашағының баянды болуы осы жастардың қолында, – деген аудан басшысы жастардың қойған сауалдарына жауап беріп, өмірлік өнегесі, қызметтік тәжірибесімен бөлісті.
Кездесуде өнер жұлдыздары да өздері туралы кеңінен баяндап, түрлі қызықты сәттерімен бөлісті. Кездесуде жастар ұтымды ұсыныстары мен сан түрлі бағытта сауалдарын жолдап, нақты жауаптар алды. Аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен кездесу соңы жастардың аудан басшысы және өнер жұлдыздарымен естелік фотоға түсіп, түрлі салада жемісті еңбектеніп жүрген жас өрендерді марапаттауға ұласты.