Келесте білім күніне орай 300 орындық қосымша мектеп ғимараты пайдалануға берілді
1 қыркүйек – Білім күніне орай Келес ауданының Қошқарата ауылдық округіне қарасты Бесқұбыр елдімекенінде №25 С.Сейфуллин атындағы жалпы білім беретін мектебінде 300 орындық қосымша жаңа ғимарат пайдалануға берілді. Тұрғындарды бүгінгі мерейлі мерекемен құттықтауға арнайы келген аудан әкімінің орынбасары Дәурен Сариев мектеп ұжымына шығармашылық табыс тіледі
— Баршаңызды жаңа оқу жылынының басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Бесқұбыр ауылында халық тығыз орналасып, жаңа білім нысанын сұранған болатын. Бүгінгі мерейлі мерекеге орай оқушыларға жаңа білім нысаны қолданысқа беріліп отыр. Мектеп ғимаратында тігін шеберханалары, спорт зал, жаңа техникалармен жабдықталған асхана, оқу кабинеттері орналасқан, – деді ол.
Айта кетейік, қазіргі таңда аталған білім мекемесінде 800-ге жуық оқушы білім алады. Биыл 1-сыныпқа 69 оқушы қабылданды. Жалпы білім ордасы 1971 жылы ашылған. Сондай-ақ, аудан бойынша бүгінде 65 білім беру мекемесі бар болса, жыл соңына дейін «Жайлы мектеп» жобасы арқылы 3 мектеп қолданысқа берілуі жоспарлануда.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі