Келесте 62,5 шақырым канал толығымен механикалық тазалаудан өткізілді

Келес ауданы аумағында жалпы ұзындығы 1055 шақырымды құрайтын 148 дана канал және 144 дана қашыртқылар бар. Сонымен қатар аудан аумағында «Қазсушар» РМК теңгеріміндегі «В-15», «В-24», «Аққойлы» каналдары және «Ақылбексай» су қоймасы орналасқан. Бүгінгі таңда «Тұран-су» МКК мекемесі тарапынан аудан аумағында орналасқан жалпы ұзындығы 157 шақырымды құрайтын 29 каналды механикалық тазалау жұмыстары атқарылуда. Қазіргі таңда 20 канал жалпы ұзындығы 62,5 шақырым толығымен механикалық тазалаудан өткізілді. Қосымша Ұшқын ауылдық округінде «Қазсушар» РМК тарапынан В-15 каналы механикалық тазалау жүргізілуде. Атқарылып жатқан жұмыстар кестеге сәйкес жыл соңына дейін жалғасады. Бұл туралы аудандық Су шаруашылығы мекемесінің директоры Жасұлан Қылышбаев Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында мәлім етті.

–  Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының төрағалығымен аудан, қаладағы ағын су шаруашылығының мәселелері жөнінде мәжіліс өткізілген болатын. Аталаған жиында Қазығұрт, Сарыағаш, Келес аудандарының өзекті мәселелердің шешу жолдары қарастырылды. Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Н.Нұржігітовтың тапсырмасына сәйкес Түркістан облысының су шаруашылығы жүйелерін қалпына келтірудің 2023-2026 жылдарға арналған жол картасына Келес ауданының коммуанлдық меншіктегі  154,3 шақырымды құрайтын 12 дана магистралды каналдар тізімге енгізілді, – деді  Жасұлан Қылышбаев. 

Өз кезегінде аудан басшысы Жәнібек Есенұлы коммуналдық меншіктегі каналдарды ағымдағы жөндеу және механикалық тазалау жұмыстарын атқару барысында жергілікті тұрғындармен бірлесе жұмыс атқаруға және коммуналдық меншіктегі каналдарға берілген жерлерге нақты далалық өлшеу жұмыстарын жүргізіп, жерге орналастыру жобасын мен сәйкестендіру құжаттарын дайындауға тапсырма берді.

ПІКІР ЖАЗУ