Келес: Жәнібек Ағыбаев тұрғындарды қабылдады

Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға жеті азамат жазылып, өз мәселелерін аудан басшысына тікелей жеткізді. Қабылдауға кірген тұрғынның бірі Абай ауылында орналасқан сауда орталықтарының санитарлық тазалығы мен базар маңындағы ретсіз сауда бойынша мәселе көтерді.

Өз кезегінде аудан басшысы тұрғын көтерген мәселенің өзектілігіне тоқталып, нысан иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ескерту берілетінін атап өтті. Ал жайылым жер, мектеп ғимаратының аумағындағы кәсіпкерлік нысандардың мәселесін қозғаған тұрғынның сұрағы бойынша визуалды тексеру жүргізілетінін, нәтижесі қосымша хабарланатынын айтты.

Біртілек ауылдық округінің тұрғыны өзі тұратын көшені орта жөндеуден өткізу және ауыз су мәселелері бойынша сұрақтарына жауап алды. Қабылдауға жазылған тұрғынның бірі көкөніс қоймасын салуға ниетті инвесторлар жайлы баяндады. Аудан әкімі қызығушылық танытқан кәсіпкерлермен кездесу өткізуге дайын екенін атап өтті.

Аудан әкімінің қабылдауында болғандар суармалы жер, табиғи газ тарту және басқа да инфрақұрылым жүйелеріне қатысты мәселелерді көтеріп, тиісті жауаптары берілді.

ПІКІР ЖАЗУ