Келес: шалғайдағы ауыл тұрғындарының мәселесі өз шешімін табуда

Келес ауданының Бозай ауылдық округі аудан орталығынан 90 шақырым қашықтықта орналасқан. Онда төрт елді мекен болып, 2 мыңнан аса халық тұрады. Тұрғындардың негізгі күн көріс кәсібі – мал шаруашылығы. Тұрғындарды қолайлы инфрақұрылыммен қамту шаралары күн тәртібінен түскен емес. Нақтырақ айтсақ, эконоикалық тиімсіз аймаққа жататын Тартоғай ауылында 16 отбасы тұрады. Сол отбасы мүшелерін таза ауыз сумен қамту үшін су тазалау қондырғысы орнатылып, пайдаланылуға берілді. Сонымен қатар, ауылдық округінің орталығы Бозай ауылын таза ауыз сумен қамту жұмыстары ағымдағы жылдың желтоқсан айында аяқталуы жоспарланаған. Жоспарлы жұмыстардан соң елді мекеннің орталық көшелеріне аяқ жолдар салынып, түнгі жарық шамдары орнатылуы көзделген. Бұл туралы Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Бозай ауылдық округіндегі тұрғындармен кездесуінде атап өтті.

–  Бозай ауылдық округі мал шаріашылығымен айналысуға қолайлы аймақ. Мұндағы басты мәселелердің бірі жайылым жер мәселесі. Жайылым жер телімдерін ортақ пайдалануға енгізу жұмыстары бойынша өткен жылы өткізілген жер комиссиясы мәжілісінде Бозай ауылдық округі аумағынан 1 937 гектар жайылым жер учаскесіне оң қортынды беріліп, жерге орналастыру жобасы жасалынған. Аудан аумағындағы шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген жер учаскелеріне мониторинг жүргізу жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында арнайы жұмысшы топ құрылып, түгендеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді аудан әкімі.

Жиын барысында Бозай ауылдық округі бойынша жайылым жерлерді мақсатына сай пайдаланбай жатқан жерлерді ауданның арнайы жер қорына қайтару мәселесі жайы айтылды. Жайылым жерлер бүгінгі күнде округ бойынша ортақ жайылым 10 020 гектарға ұлғайтылды. 250,0 га. жерге меморандум арқылы қосымша келісім шарттар түзілген.

Кездесу соңында тұрғындар тарапынан ауылдың әлеуетін арттыру бағытындағы сұрақтар қойылды. Аудан әкімі әрбір сұраққа жауап беріп, орындалуы уақыт талап ететін мәселелер бойынша арнайы ісшара жоспары бекітілді.

ПІКІР ЖАЗУ