Келес: Ошақтыда әлеуметтік нысандар саны артуда
Келес ауданына қарасты Ошақты ауылдық округіндегі өзекті мәселелер шешімін табуда. Елді мекендердің ішкі көшелері жөнделіп, әлеуметтік нысандардың қатары артып келеді. Атап айтқанда ауылдық округі орталығынан 300 орындық білім ошағы биыл пайдалануға берілсе, Жиделі ауылынан мәдениет үйі мен мектеп құрылысы жүргізілуде. Алдағы уақытта Атақоныс, Жиделі, Еңбек елді мекендерінде медициналық пункттер салынуы жоспарға енген. Бүгінгі таңда аталған елді мекендерде ФАП салу үшін салынатын жері анықталып, техникалық шарттар алынған. Сәулет-жоспарлау тапсырмасы әзірленіп, облыстық денсаулық сақтау басқармасына ұсынылды. Бұл туралы Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Ошақты ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуінде айтылды.
– Ошақты ауылдық округіне өздеріңізбен жүздесіп, маңызды мәселелерді бірге талқылау үшін арнайы келіп отырмыз. Бүгінгі таңда өздеріңіз көтерген 5 мәселе нақты шешімін тапты. Солардың қатарында Сарыжылға және Береке елді мекендеріндегі ішкі көшелерге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізілсе, Ошақты ауылдық округіндегі “Жиделі”, “Тешебай”, “Қараман”, “Қуандық”, “Сабыр”, “Балтакөл”, “Ердәуіт”, “Көтерме” “Жақанша” “Тоғызбай” каналдары «Тұран су» МКК тарапынан механикалық әдіспен тазалау жұмыстары толығымен аяқталып, “Қаратал” каналын тазалау жұмыстары жүргізілуде, – деді аудан басшысы.
Ошақтыдағы тұрғындардың мәселесін шешу бағытында жұмыстар жалғасатын болады. Атап айтсақ, Саңырау және Қоңыртөбе елді мекендерінің электр желілері мен бағаналарын ауыстыру бойынша жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарын жүргізуге қажетті қаржысын қарауға облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына бюджеттік өтінім ұсынылды. Сондай-ақ Ошақты ауылдық округіндегі Жиделі, Атақоныс, С.Саттаров, Қаратал, Бақышсай, Ынталы елді мекендерін табиғи газбен қамту бойынша қажетті құжаттамалар жасақталып, қаржысын қарау бойынша бюджеттік өтінім берілді.
Кездесу соңынан жергілікті тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын аудан басшысына жолдап, тиісті жауаптары берілді. Уақыт талап ететін мәселелер бойынша арнайы ісшара жоспары бекітілді.