Келес: Майдабозайдағы 117 үй таза ауыз сумен қамтылады
Келес ауданының Жамбыл ауылдық округіне қарасты Майдабозай елді мекенін таза ауыз сумен қамту бойынша қажетті шаралар атқарылуда. Бүгінгі таңда ауылды таза ауыз сумен қамту үшін жобалық сметалық құжаттама әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынған. Нысан аяқталғанда жалпы 117 үй немесе 994 тұрғын ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу конкурсы өтіп, мердігер мекеме ретінде «Стройкомплект КБ» ЖШС анықталған. Қазіргі таңда құрылыс монтаж жұмыстары жүруде. Бұл туралы Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Жамбыл ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуінде атап өтті.
Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын іске асыру аясында Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың ІV тоқсандағы жергілікті тұрғындармен кездесуін шалғайдағы Жамбыл ауылдық округінен бастады. Ондағы тұрғындармен кездесіп, өткен кездесуде айтылған мәселелердің шешім жолына тоқталып, өзекті мәселелерді талқылады.
– Жамбыл ауылдық округіне өздеріңізбен жүздесіп, маңызды мәселелерді бірге талқылау үшін арнайы келіп отырмыз. Жыл басынан бері Сіздермен 3 есепті кездесу өткен болатын. Сол кезде маңызды 10 мәселе көтерілген. Сол мәселелерді шешу бойыша арнайы іс-шара жоспары істеліп, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап өтсек, Бекбота ауылында ауыз судың шеткі үйлерге жетпей, судың бармауынан қосымша насос орнатылды. Елді мекенге толығымен ауыз су мәселесі шешімін тапты. Сонымен қатар, «Жамбыл» дәрігерлік емханасының жаңа құрылысын салуға жер таңдау актісі жасалып, ауданның кадастр мекемесінен жоспары алынған. Қазіргі таңда «Абай» Келес аудандық ауруханасы тарапынан сәулет-жоспарлауы дайындалып, облыстық денсаулық сақтау басқармасына ұсынылды, – деді аудан әкімі өз баяндамасында.
Жиын барысында аудан басшысы ауылдық округі әкімі аппаратын жөндеуден өткізілетіндігін атап өтті. Сондай-ақ Бекбота және Майда Бозай елді мекендері аралығындағы облыстық маңызы бар КХ-108 автомобиль жолының 0-11 шақырымын орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан сметалық құжаттамалары дайындалып, қаржы қарауға ұсынылғанын жеткізді. Тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселе назарға алынып, мәселені шешу бағытында тиісті мамандарға тапсырма берілді.