Келес – инвестор тартуға дайын!

Түркістан облысы құрылып, өз алдына аудан болып бөлінгелі Келестің де елді сүйінтер жаңалығы шыға бастады.

Республика күні Абай ауылында, Асан қайғы көшесінің бойындағы аллеяға ағаш көшеттерін отырғыздық.

Осында аудан әкімі Zhanibek Agibaev ағамызбен кеңінен сұхбаттасудың сәті түсті.

“Халық серуендейтін жер тым аз, бізге осындай саялы орындарды, парк, аллеяларды әлі де көбейту керек” деген Жәнібек Есенұлы әуелі осы айналаны таныстырды. Жолдың оң қанатына еңселі мешіт ғимараты салыныпты. Сол қанатында 350 адамдық жабық спорт кешені салынып жатыр.

– Түркістан облысында үлкен 5 спорт кешені болса, соның бірі осы болмақ. Келесі жылы пайдалана бастайды. Ал оның жанынан “Жайлы мектеп” түседі. Бұл көшенің асфальті де биыл төселді, – деді Ж.Ағыбаев.

– Ауданда темір жол салуға мүмкіндік бар ма?

– Ондай мүмкіндіктің барын Мемлекет басшысының өзі басшылыққа алып, “Мақтаарал-Дарбаза” темір жолын салуға тапсырма берілді. Бұл бағыт Келес ауданының 87 шақырымын басып өтеді. “Қазақстан темір жолы” өкілдерімен біздің ауданның 4 жерінен станция қою жөнінде келісімге келдік.

Ал автомобиль жолдарына келсек, Жібек жолы мғн Ескі Қорғандағы Бауыржан Қонысбаев бекетінің арасына І категориялы автомобиль жолының жобалау жұмыстары бітті. Енді екі жылда жұмыс көрсеткіші көріне бастайды.

– Тамаша! Тарихи құндылықтарды сөйлетсек, Келес жайлы не айтар екен?

– Қазір ауданда су шайып өткен жерден ескі құмыра сынықтары шығып жатыр. Тарихқа терең бойласақ, археологтар қазба жұмыстарына кіріссе, көптеген құнды деректер табылатыны анық. Тіпті, Қаңлылардың қалашығы дәл осы аумақтан табылуы мүмкін. Тарихи деректерде жете зерттелмеген тақырып қой бұл. “Екі Келес – бір Талас, бал татыған жерім-ай” деген Асан қайғы осы Келесті жырлап отыр.

– Шынында, бала кезден құмыра сынықтарын тауып алушы едік. Бір топ зерттеуші келетіндей-ақ қызықты себептер бар екен. Жалпы, осы ауданға әкім болып келгеніңізге қуанасыз ба?

– Әрине! Ештеңе жоқ болғаны қайта көп жұмыс істеуімізге сеп. Осы ауданға қажеттінің бәрін толықтыра алсақ, ол біздің жемісті жұмысымыздың көрсеткіші.

– Сынға қалай қарайсыз?

– Сын айтылса, оған міндетті түрде зерделеп қарау керек. Диванда жатып, әрекетсіз сынай берсек, одан нәтиже шықпайды. Керісінше, бір-бірімізді босқа түртпектеуден, уақытты бос кетіруден артқа кетеміз. Кейде өз жұмысына салғырт қараған қызметкердің әрекеті азаматтардың ашынуына себеп болуы әбден мүмкін. Сондықтан, мәселе көтерілсе, міндетті түрде оның себебіне үңілуді дұрыс көремін.

– Сіз Қытайға барып қайттыңыз ғой, иә? Ең әуелі “мынау Келесте болса ғой” дегізген қай мәселе болды?

– Оххо! Қызығатын дүние көп! Қоқыс тазалау, өңдеу… Осы Келестің 50 адамын алып, өзім көрген жаңалық, өндіріс атаулыны көрсетіп келдім. Бұрынырақта барғанымызда түтінге тұншығып тұратын қалалар қазір тұп-тұнық болып тұр. Өндірістері де көліктері де толығымен экологияны ластамайтын технологияға көшкен.

– Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы 17 аудан-қала әкімдерінің іскерлігі инвестор тартуымен бағаланады деп еді. Қазіргі бағаңыз қандай болып тұр?

– Иә, бізге бұл бағытта нақты тапсырмалар берілді. Инвестор өз ісін бастауы үшін мәселе тек жермен шешілмейді. Қазір автомобиль мен темір жолдың торабында Жаңа дәуір деген ауылға қарасты Шардараға бұрылатын тұстан 300 гектар жерді белгіледік. Экономикалық аймақта техникалық су, жарық, газ мәселелерінің шешімі бар. Ауыз суды да шешуге болады. Енді осы ақпаратты барынша таратып, инвесторлардың құлағына жеткізу керек.

ПІКІР ЖАЗУ