Келес: ауыл әкімі зейнеткерлікке шықты

Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев және аудан әкімі аппараты мен дербес бөлім басшылары, ауыл, ауылдық округтерінің әкімдері Біртілек ауылдық округінің әкімі Кеңес Халыққа құрмет көрсетіп, зейнет жасына шығарып салды. Аудан басшысы мерейтой иесіне ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында жемісті еңбек еткені үшін алғысын білдіріп, сый-сыяпат жасады.

– Кеңес Мырзаұлы 46 жыл өз өмірін еліміздің әлеуметтік дамуы жолында аянбай еңбек етуге арнады. Өзіңіздің өмір жолыңызбен сіңірген еңбегіңізді жоғары бағалаймыз. Мемлекеттік қызметте жемісті еңбек етіп, зейнетке шығу үлкен абырой. Алдағы уақытта зейнетте болуыңызға қарамай қоғамдық іс-шараларға белсенді араласып тұрасыз деп сенемін. Себебі Сіздің тәжірибеңіз бен ақыл-кеңесіңіз кейінгі жас буынға өте қажет, – деген аудан басшысы мерей той иесінің иығына шапан жауып, басқа да әріптестері ізгі тілектерін жолдады.

Халық Кеңес Мырзаұлы 1960 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, Абай ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары, 1996 жылы Ташкент қаржы институтын «Қаржы және несие» мамандығы бойынша аяқтаған. Еңбек жолын 1979 жылы Ташкент қаласындағы Өзбек ССР-і дайындау министрлігінің бағыт-есеп базасында есепші болып жұмыс бастаған. 1979 – 1981 жылдары Кеңес Армиясы қатарында әскери қызмет етті. 1981 – 1982 жылдары Өзбек ССР-і дайындау министрлігінің бағыт-есеп базасында есепші болып қызмет етті. Кейіннен Келес ауданының халықты әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінде инспекторы, Сарыағаш ауданының халықты әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің Келес бойынша пунктінде инспектор, Келес ауданының халықты әлеуметтік қорғау бөлімінде инспектор, аға инспектор, бөлімі меңгерушісі, Сарыағаш ауданының халықты әлеуметтік қорғау бөлімі меңгерушісінің орынбасары, бас маманы, Әкімшілік бөлімінің бастығы, Жұмыспен қамту бөлімінің бастығы, Біртілек ауылдық округінің әкімі, Сарыағаш ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы қызметтерін абыроймен атқарды. Кеңес Мырзаұлы бүгінгі күнге дейін Біртілек ауылдық округінің әкімі қызметін атқарып, зейнетке шықты.

ПІКІР ЖАЗУ