Келес ауданында «Алатау» атты ауыл болады

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңына, «Қазақстан Республикасының әкімшілік аумақтық құрылысы туралы» заңдарына сәйкес, 2023 жылдың 21 шілдесінде Келес ауданының Ұшқын ауылдық округіне қарасты Қоралас елді мекенінің тұрғындарымен жергілікті қоғамдастық мүшелерінің жиыны  өтіп, Қоралас елді мекенінің атауын Алатау және Жартытөбе көшесіне Сегіз сері, Жантақсай көшесіне Наурызбай батыр, Ащысай көшесіне Қазыбек би атауларын беруге ұсыныс берілді. Бұл туралы Сегізінші шақырылымдағы Келес аудандық мәслихатының кезектен тыс VІ сессиясында аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі басшысының орынбасары Жансая Маханбеталиева баяндады.

–   Тәуелсіздік алғаннан соң елді мекен, көше атауларына қазақша мағыналы  атау беру мақсатында Ұшқын ауылдық округі, Қоралас елді мекенінің тұрғындарының ұсыныс пікірі бойынша, Ұшқын ауылдық округі, «Қоралас» елді мекенінің атауын «Алатау», сонымен қатар Ұшқын ауылдық округіне қарасты Жартытөбе көшесіне Сегіз сері, Жантақсай көшесіне Наурызбай батыр, Ащысай көшесіне Қазыбек би атауларын беруді ұсыну бойынша құжаттар заң талаптарына сәйкес жинақталып, облыстық ономастикалық комиссияның қарауына аудандық мәслихат пен аудан әкімдігінің бірлескен шешімімен ұсыну үшін, аудандық мәслихаттың сессиясында қарау қажеттігі туындап отыр, – деді Жансая Маханбеталиева.

Нәтижесінде Келес ауданында әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы Келес ауданы әкімдігінің Қаулысы және Келес аудандық мәслихатының Шешімі қабылданды. Айта кетейік, Келес ауданының қайта құрылғалы 8 елді мекенмен, 54 көшеге атау берілды. Сонымен қатар 4 білім беру мекемесіне атау беру жұмыстары жүргізілген.

Жалпы Сегізінші шақырылымдағы Келес аудандық мәслихатының кезектен тыс VІ сессиясына аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Нұржан Шаулиев және аудандық мәслихаттың депутаттары қатысып, жеті мәселе қаралды.

ПІКІР ЖАЗУ