Келес ауданында 42 құрылыс нысанының заңдылығы анықталуда

Келес ауданы аумағында мемлекеттік құрылыс нормаларын, ережелері мен талаптарын бұзған құрылыс нысандарын анықтау және тиісті шаралар қабылдау мақсатында аудан әкімдігінің қаулысы негізінде жұмысшы топ құрылған болатын. Қызыл сызықтан асып кеткен құрылыс нысандары және инфрақұрылым қорғау аумағына кіріп кеткен құрылыс нысандарды тәртіпке келтіру мақсатында іс-шара жоспар бекітіліп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Бұл туралы Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Мұрат Юсупов мәлімдеді.

– Ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан, аудан аумағында құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан жеке және заңды тұлғалар құрылыс нысандарының заңдылығын анықтау бойынша мониторинг жұмыстарын жүргізу барысында, аудан аумағында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан 42 құрылыс нысаны анықталып, оның 12 нысаны «Түркістан облысының бақылау жөніндегі басқармасына» жолданған. Кәзіргі таңда қабылданған шаралардың нәтижесі күтілуде. Ал қалған 30 нысан “Түркістан облысының бақылау жөніндегі басқармасына” жолдауға құжаттары жинақталуда, – деді бөлім басшысы өз баяндамасында.

Өз кезегінде аудан әкімі Жәнібек Есенұлы бөлімнің атқарған жұмыстары баяу жүріп жатқандығын, берілген тапсырмаларды орындаудағы іс-шара барысын ширатуға тапсырма берді. Сонымен қатар, ауданның бас жоспарына толықтырулар енгізу бағытында берілген тапсырманы тездетіп орындауды тапсырып, бақылауға қойылды. Бөлімде қызмет атқаратын мамандардың кәсібилігін анықтап, міндеттерін қайта жасақтау қажеттігіне тоқталды.

– Аудан аумағында нақты мемлекеттік 10 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек өзіңіз айтқандай жеке және заңды тұлғалар тарапынан 42 нысанның құрылысы атқарылуда. Оларды қадағалауға және бақылауға бір кәсіби маманның мүмкіндігі бар. Ал қалған мамандарыңыз нақты не жұмыс атқаруда? Әрбір маманның біліктілігін қайта сараптап, білікті мамандарды жұмысқа тартуды үйлестіру керек. Себебі берілген тапсырмалардың орындалуы өте баяу жүруде. Бұл нақты межеге жетуде өз кедергілерін тигізуде, – деді аудан әкімі.

Аудан басшысы жоспарлы жұмыстардың сапасын арттыру мақсатында, ауыл және ауылдық округ әкімдіктері, бекітілген іс-шара жоспарын орындау үшін нақты мамандарын бекітуді тапсырып, қатаң бақылауға алынатын ескертті.

ПІКІР ЖАЗУ