Келес ауданында 30 мыңға жуық ағаш көшеттері егілді
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдеріне елді мекендерді көгалдандыру, егілген ағаштарды күтіп-баптау, өсіру ісін сапалы атқаруды, көгалдандыруға қатысты жұмысты күшейте түсуді тапсырған болатын. Берілген тапсырма шеңберінде Келес ауданында жыл басынан бері 29 470 дана ағаш көшеттері егілді. Қойылған жоспардан 5 770 дана ағаш көшеттері артығымен отырғызылды. Бүгінде егілген ағаш көшеттерінің сексен пайызға жуығы тамыр алып, көгеріп тұр. Бұл туралы бүгін Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың төрағалығымен өткен аппаратық жиында айтылды.
-Күзгі ағаш егу маусымы барысында басты бағытты Абай ауылына бұрамыз. Аудан орталығына 5200 дана ағаш көшеттерін егу жоспарлануда. Осы жұмыстарды сапалы әрі мерзімінде атқару мақсатында аудан орталы Абай ауылын ауылдық округтер және дербес бөлімдерге секторларды бөлу жолымен ағаш егу, қоршаулар орнату, суғару, күтіп баптау, санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу ұйымдастырылады. Жоспарлы жұмыстарды атқаруда жергілікті тұрғындарды да жұмылдыру қажет, – деді аудан басшысы.
Жиын барысында күз айына ауыл және ауылдық округтерде отырғызылатын көшеттердің жоспары талқыланып, ауыл, ауылдық округтерінің әкімдерінің ұсыныс, пікірлері тыңдылды. Оларға нақты тапсырмалар жүктелді. Күн тәртібінде қаралған мәселелердің қатарында ауылдық елді мекендерді абаттандыру, жеке және әлеуметтік секторлардың сыртқы қасбеттерін ретке келтіру бағытындағы берілген тапсырмалардың орындалуы мен кемшіліктері талқыланды. Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» бағдарламасының орындалуы пысықталды.
(с) Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі