Келес ауданы салт-дәстүрлерді ұлықтады
Бүгін Түркістан қаласында «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Келес ауданының мәдени күндері басталды. Екі күнге жоспарланған бағдарлама ұлттық құндылықтарға толы. Мерекелік шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, қоғам қайраткері Әлихан Байменов, облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Нұрлан Қоянбаев бастаған өнер адамдары қатысып, тамашалады.
Іс-шара Этноауыл кешенінен бастау алды. Алдымен мұнда келушілерге ұлттық сусындар ұсынылды. Қонақтар Келес ауданының қолөнер шеберлерінің туындыларын тамашалады. Бұдан бөлек, ұлттық салт-дәстүрлер көрінісін саханалады. Қылқалам шеберлері мен кітап көрмесі жасақталды. Ауданда өндірілетін тауарлар көрмесі мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Ұлттық тағамдар ұсынылды. Сонымен қатар Келес ауданы өнерпаздарының концерттік бағдарламасы сахналанды. Айтыс, жыр-терме, дәстүрлі әндер шырқалды.
Аудан әкімінің орынбасары Дәурен Сариевтің айтуында рухани-мәдени керуен қала қонақтары мен тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлауды мақсат еткен.
Айта кетейік, ертең сағат 09:00-13:00 аралығында Этноауылда ұлттық спорттық ойындар ұйымдастырылады және сағат 19:00-де «Керуен Сарай» кешенінде Төреғали Төреәлі, Әділет Жауғашар және Сержанәлі сынды өнер жұлдыздарының және Келес ауданының өнерпаздарының қатысуымен гала-концерт өтеді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі