Келес: Ақтөбеде екі жаңа мектеп салынуда
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Ақтөбе ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуінде жергілікті азаматтар оқушы санының жыл сайын артуына байланысты жаңа мектеп салып беруін сұранған болатын. Нәтижесінде Ақтөбе ауылдық округінің Ғ.Мұратбаев елді мекені аумағынан 600 орындық «Жайлы мектеп» құрылысы жүргізілуде. Одан бөлек Көгерту ауылында 300 орындық білім нысанының құрылысы бастау алды. Келер жылы Жуантөбе және Ескіқорған елді мекендерінде 300 орындық мектеп құрылысын жүргізу жоспарланып отыр.
– Ақтөбе ауылдық округі ауданымыздағы халық тығыз орналасқан өңірлердің бірі. Оқушылардың саны жыл өткен сайын артып, жаңа мектептер салуды талап етеді. Солардың бірі осы Көгерту ауылында. Өздеріңіз білесіздер әр шаңырақта бес, алты оқушы бар. Ал біздер сол оқушылардың сапалы білім алу үшін мектептер салып, білім базасын нығайтуымыз қажет. Бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүзеге асады, – дейді Ақтөбе ауылдық округінің әкімі Ердаулет Жасұзақов.
Айта кетейік, №38 «Көгерту» бастауыш білім беретін мектебінде 70 оқушы білім алатын білім нысаны 1961 жылы пайдалануға берілген. Алғашында кәсіптік білім беру нысаны ретінде қолданылып, кейіннен ыңғайластырылған мектеп ретінде пайдаланып келінеді. Ауылдық елді мекеннің дамуы мен тұрғындар сұранысы негізінде жаңа мектеп салынатын жер телімі анықталды. Қос мектептің құрылысы келер жылы аяқталуы көзделген.