Келес: 2024 жылы «ауыл аманаты» бағдарламасына 5 ауыл қатысады
Келес ауданында «Алтын күз – 2023» ауыл шаруашылығы саласының қорытынды жиыны өтті. Оның аясында арзан бағада азық түлік өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп, ауылшаруашылығы техникаларының көрмесі ұйымдастырылды. Салтанатты шараға қатысқан Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев барша аудан тұрғындарын берекелі де, мерекелі «Алтын күз» мерекесімен құттықтап, үздік ауыл округтерімен, шаруа қожалықтарын марапаттады.
– Ауданымыздың негізгі тірегінің бірі ауыл шаруашылығы саласы екендігі баршаңызға аян. Ата-бабадан келе жатқан бұл саланы өңіріміздің шаруалары табысты қорытындылап отыр. Биылғы жыл ауданымыздың ауыл шаруашылық саласы үшін жемісті жыл деп айтсақ болады. Ауыл шаруашылығындағы тың әдістерді кеңінен қолданып, шаруаларымыз нәтижесін көріп отыр. Жоспардағы көрсеткіштеріміздің орындалуы бойынша жоғарғы нәтижеге жеттік. Келес ауданының құнарлы жерінен өндірілген өнімдеріміз Республика аумағынан бөлек, көрші мемлекеттерге дейін экспортталды. Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы аясында ағымдағы жылы Келес ауданынан Қошқарата, Ошақты, Ақтөбе және Біртілек ауылдық округтері жобаға қатысты. 2024 жылға қарай «Ауыл аманаты» пилоттық жобасына Келес ауданынан қосымша 5 ауыл және ауылдық округтер жобаға қатыстыру жоспарлануда. Атап айтқанда:Абай ауылы, Алпамыс батыр, Бірлесу, Жүзімдік және Ұшқын ауылдық округтері. Алдағы уақытта, біздің алдымызда ауыл шаруашылық саласын дамыту, жаңа технологияны пайдалана отырып өнім көлемін арттыру міндеттері тұр. Облыс аумағында Келес ауданының аграрлы ауданы екенін негізге ала отырып, ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында жұмыла жұмыс істеуге баршаңызды шақырамын, – деді аудан әкімі Жәнібек Есенұлы.
Сондай-ақ, аудандық мәслихаттың төрағасы Нұржан Шаулиев құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар азаматтарға алғыс хат табыс етті. Жалпы келестік шаруалар жиын терім маусымын жоғары аяқтады деуге толық негіз бар. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі биылғы жылдың тоғыз айында 56,6 млрд.теңгені құрады. Оның ішінде мал шаурашылығының үлесі 22 240,1 млн.теңге болса, өсімдік шаруашылығы бойынша 16 001,3 млн.теңгені құрады. Сонымен қатар, 80-ге жуық ауылшаруашылығы техникалары жаңартылып, ағын су жүйесі тазартылды. Нәтижесінде суармалы жерлердің көлемі артып, Келес ауданы көкөніс өндіруде облыс деңгейінде үздіктер қатарынан көріне білді. Жиын соңы аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының қойған концерттік бағдарламасына ұласты.