Қазыналы қарттарымыз аман болсын
Бүгін аудан әкімі Нұрлан Байғұт және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қасымбек Сәтбай 1 қазан-Халықаралық қарттар күні мерекесі қарсаңында аудан аумағындағы 90 жастан асқан ақ жаулықты әжелеріміздің үйлеріне арнайы барып, мерейлі мерекелерімен құттықтады.
Қазақ елі «Қарты бар елдің қазынасы бар»-деп, бекер айтпаған. Бар ғұмырларын еңбек пен ұрпақ тәрбиесіне арнаған жандар қашанда қолдауға мұқтаж. Осы орайда, арнайы сый-құрмет көрсетіп келген аудан басшысына қарияларымыз өз тараптарынан шексіз алғыстарын айтып, ақ баталарын берді.
Айта кетерлік, қарттар күніне арналған игі шара аудан бойынша жоғарғы деңгейде аталып өтілуде. Ауыл әкімдерінің ұйытқы болуымен демеушілер есебінен мерекелік шаралар барлық округте ұйымдастырылса, аудан әкімінің орынбасарлары үйме-үй 90 жастан асқан қарияларды аралап, аудан әкімінің құттықтауын жеткізіп, құрмет көрсетуде.
Бүгінде ауданда 11058 қария болса, оның ішінде 100 жастан асқан 3 қария, 90 жастан асқан 95 қария бар.
Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі