Қазығұрт: Жаңабазар ардагерлері ұйымына 70 жыл

Ізгілік салтанат құрған қоғамның көші қашанда ілгері. Мұндай қоғамда адамның қадірі, еңбектің бағалануы, әділет, жауапкершілік сияқты құндылықтардың ұстыны берік. Осыны жете сезінген аға буын кейінгі толқынға адамгершілігімен, еңбекқорлығымен үлгі бола білді. Еткен еңбек, төккен тер еккен егін іспетті. Сондықтан қариялар енді оның жемісін жеп, қызығын жас ұрпақпен бірге көруге тиіс. Осы орайда ауданымызда бүгін Жаңабазар ардагерлеріне, қазыналы қарттарға, ерекше құрмет көрсетілді. Жаңабазар ауыл округінде «Жаңабазар ардагерлері» ұйымының 70 жылдық мерейтойы салтанатты түрде өткізілді.

Жиын барысында атаулы ұйымның тарихынан сыр шертетін көрме, ұлттық спорт ойындарының түрлерінен сайыстар, мерекелік концерттер ұйымдастырылды. Облыс, республика көлемінде қадірлі қонақтар келіп, өздерінің жүрекжарды ақ тілектерін арнады.

Жаңабазарлық ардагерлердің өнегелі іс-әрекеттері, қоғам өміріндегі белсенділігі облыс, республика көлеміне кеңінен танылған. Олардың ел арасында ынтымақ, бірлікті сақтау, жастарға тәрбие беруде, отбасылық құндылықтарды насихаттаудағы еңбегі ерекше.

Ауылдың аға буынын берекелі істерге біріктірген қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық сусыны болатын. Бұл дәстүрді жергілікті жұрт «қымыз жиыны» деп атайды. Ауыл тұрғындарының бір үйде бас қосып, қымыз ішіп, өзара әңгіме-дүкен өткізетін үрдіс 1950 жылдан бері бар. Кеңес өкіметінің дәуірлеп тұрған кезінде бұл өңірде 60-тан астам ұсақ ұжымшар болған. Сол кезде алыс-жақын ауылдардан атпен Жаңабазар ауылына келіп, қымыз ішіп қайтатындар аз болмаған. Сусындаудың себебімен келгендер өзара әңгіме құрып, жаңалықтарымен бөлісіп, шаруа жайын ақылдасып отырған.

Тәуелсіздік жылдары жаңабазарлықтар бұл дәстүрді одан әрі жетілдіре түсті. Жергілікті белсенділердің бастамасымен «Жаңабазар ардагерлері» қоғамдық бірлестігі құрылды. Ауыл ақсақалдары бас болып, демеушілердің көмегімен елді мекен орталығынан әдемі ғимарат бой көтеріп, осында апта сайын бас қосу ұйымдастырылатын болды.

Ардагерлердің апта сайынғы басқосуы жұртты татулыққа үндеуге, адасқанды тура жолға, тентекті тезге салатын, ел ішіндегі дау-дамайды, тұрмыстық мәселелерді шешетін, бір-біріне қырын қарап жүрген екі жақты ымыраластырып татуластыратын, ауылдың бірлігі мен бүтіндігін, берекесін сақтауға дәнекер болатын дәстүрлі жиынға айналды.

 

ПІКІР ЖАЗУ