Қазығұрт: басты мақсат жастарды отансүйгіштікке баулу

Бұрынғымен салыстырғанда бүгінгі қоғамдағы түсінік басқаша сипатқа ие. Бұл табиғи құбылыс. Себебі, адамның таным-түсінігі өзгерген сайын, заман ағымы да өзгереді. Халқымызда «Орманына қарай – аңы, заманына қарай – адамы» деген тамаша сөз бар. Әр нәрсенің екі ұшы болатынындай, қоғамымызға мұндай жаңаша құбылыстардың жақсылығымен қатар кері әсері тиіп жатқан тұстары да баршылық. Басқасын айтпағанда, елді, жерді қорғау отанға қызмет ету секілді әр азаматтың парызы болып саналатын құндылықтар қазіргі түсінікте мүлде қарама-қайшы көрініс алып кеткендей. Жастарымыз әскер қатарына барудан қашқақтайды, ел мүддесіне қарағанда жеке басының пайдасын көп ойлайтындар көбейді. Дегенмен, сол жастарға рухани бағыт көрсетіп, патриоттық сезімнің не екенін ұғындырып, отанға деген сүйіспеншілігін оятатын аға буын өкілдерінің міндеті.

25 қазан – Республика күні қарсаңында дәл осы бағытта Қазығұрт ауданы Қызылқия ауыл округі Қызылсеңгір елді мекенінде «Мұрагер» бейбітшілік шарты әскери күштері» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қазығұрт аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Ел тірегі» атты жауынгерлік кездесу кеші болып өтті. Атаулы іс-шараға «Мұрагер» бейбітшілік шарты әскери күштері» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалы төрағасы Аманқұлов Исмаил, Қазығұрт аудандық филиалының төрағасы Айтубай Райымбай мен бірлестік мүшелері, Қазығұрт аудандық Қорғаныс істер бөлімі басшысының орынбасары, майор Бөрібай Бағлан, Қақпақ шекара заставасының командирі, капитан Достемір Заманбек және аудан жастары қатысты. Жауынгерлік кеш барысында «Мұрагер» ардагерлері қоғамдық бірлестігінің мүшелері өздерінің бастарынан өткен оқиғаларды, өмірлік тәжірибелерін жастарға баяндап, жаңадан әскерден оралған жас сарбаздарды шақыртып, олардың аналарына құрмет көрсетіп, ел қорғаушы азамат тәрбиелеп өсіргені үшін ынталандыру ретінде арнайы медаль табыстады. Сондай-ақ, жас буын өкілдерімен сұрақ жауап ұйымдастырылып, шекара күзетінде тұрған әскерлер қару-жарақтың түрлерімен таныстырды. Өскелең ұрпақты отан алдындағы борышын өтеп, әскерге баруға үгіттеп, жиынға қатысқан жасөспірімдердің бойында еліне, отанына деген ыстық сезімді оятып, ерлікке, патриотизмге жігерлендіретін керемет кеш болды.

Айта кетейік, «Мұрагер» бейбітшілік шарты әскери күштері» республикалық қоғамдық бірлестігі осыдан 2 жыл бұрын құрылған. Атаулы бірлестік Кеңес Одағы кезінде «Варшава» келісім шарты негізінде шет елдерде, оның ішінде: Ветьнам, Венгрия, Германия, Польша, Чехославакия, Куба, Монғолия елдерінде интернационалдық борышын өтеген жауынгер ардагерлерден құралған. Бүгінгі күні республикалық бірлестіктің құрамында төрт мыңнан астам мүше бар.

ПІКІР ЖАЗУ