Қазығұрт: «ӘНІМ СЕНСІҢ, ҚАЗЫҒҰРТ» облыстық байқауы

25 қазан – Республика күні қарсаңында және Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай Қазығұрт ауданы орталығында «Әнім сенсің, Қазығұрт» атты облыстық композиторлар байқауы болып өтті. Бұл байқаудың басты мақсаты Қазығұрт тауын насихаттау, ән өнерін дамыту, жас талант иелерін іздеу, жастар арасында композиторлық өнердің кәсіби деңгейге көтерілуіне жол ашу болса, басты ерекшелігі сайысқа қатысушылар міндетті түрде Қазығұрт жайлы авторлық ән айтуы тиіс.

«Әнім сенсің, Қазығұрт» байқауы алғаш 2014 жылы ұйымдастырылып, бүгінгі күнге дейін үш рет өткізілген болатын. Нәтижесінде Қазығұрт тауы мен ауданымыз жайлы «Қазығұртым – киелім», «Қазығұрттың басында кеме қалған», «Қазығұрт – туған жерім» секілді көптеген керемет туындылар дүниеге келді.

Байқауда Республикалық, Халықаралық байқаулардың лауреаты, мәдениет майталманы, Түркістан облыстық филормония әншісі Аман Төре қазылар алқасына төрағалық етсе, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Ш.Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филормония әншісі Айжан Таженова, мәдениет саласының үздігі, Қазығұрт аудандық мәдениет сарайының маман бағдарлама әзірлеушісі Қосаева Үрләйім Ордабекқызы, Қазығұрт аудандық мәдениет сарайының мәдени ұйымдастырушысы Мейрамкул Садықұлқызы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық Жазушылар Одағының мүшесі Смайл Ыбрахұлы қазылық етті.

Айтулы облыстық байқауға 8 үміткер қатысып, сайыс қорытындысы бойынша бас жүлдені Қазығұрт ауданынан Нұрханов Заман, І-орын Қазығұрт ауданынан Рысбаев Хамит, ІІ-орын Сайрам ауданынан Ізтлеуов Көбей, ІІІ-орын Сарыағаш ауданынан Ахметов Сарсенбай және Шардара ауданынан Молдағұлов Ахмет жүлделі орындарды иемденді. Түркістан облысы басқарма басшысының арнайы жүлдесімен Келес ауданынан Тастемиров Әбдімәлік, Қазығұрт ауданы әкімінің арнайы жүлдесімен Отырар ауданынан Бижанов Даурен, «Ең жас композитор» номинациясымен Қазығұрт ауданынан Окетова Гүлзат иеленді.

ПІКІР ЖАЗУ