Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарына қауіп төніп тұр – БЖЗҚ ескерту жасады

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ (БЖЗҚ) азаматтарды зейнетақы жинақтарына байланысты алаяқтық әрекеттерден сақ болуға шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ Қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алаяқтар зейнетақы жинақтарын төмен пайызбен шешіп беруге көмектесеміз деген желеумен азаматтарды алдауға тырысуда. Олар БЖЗҚ-ның логотипін пайдаланып, ресми ұйым әсерін тудырып, жалған ұсыныстар жасайды.
Зейнетақы жинақтары бойынша төлемдер заңмен белгіленген жағдайларда ғана, делдалдарсыз және комиссиясыз жүзеге асырылады. Тұрғын үй сатып алу немесе емделуге пайдалану үшін жинақтарды тек екінші деңгейдегі банктер арқылы пайдалануға болады. Жеке деректеріңізді үшінші тұлғаларға бермеңіз, – делінген Қор мәлімдемесінде.
БЖЗҚ өкілдері атап өткендей, қор қызметкерлері ешқашан делдалдық қызмет көрсетпейді. Сондықтан азаматтар барлық операцияларды тек ресми арналар арқылы жүргізуі тиіс.
Сонымен қатар, Қор азаматтардың өз зейнетақы жинақтары туралы ақпаратты тегін әрі ашық түрде алуға толық құқығы бар екенін еске салады.