Қазақстандықтар қай зат үшін ең көп несие алады?

Сәуірде қазақстандықтар көбірек несие алды. Оның ішінде тұрғын үй мен көлік алуға несие рәсімдеу үшін сұраныс артқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жеке тұлғаларға несие беру артты
Бірінші кредиттік бюроның мәліметіне сәйкес, сәуірде жеке тұлғаларға берілген несиелердің жалпы көлемі наурыз айымен салыстырғанда 13,3%-ға өсті. Бұл – сирек тіркелетін екі таңбалы өсім. Сарапшылардың пікірінше, бұған негізінен ипотекалық несиелеудің жандануы әсер еткен.
Ипотека – сұраныс артты, алайда сома өзгеріссіз
Ипотекалық несиелердің көлемі бір айда 247,1 млрд теңгеге жетіп, бір жарым есеге артты. Бұл көрсеткіш кейінге қалдырылған сұраныстың іске асуымен түсіндіріледі. Бұған дейін Ұлттық банк тұрғын үй жинақ салымдары бойынша мемлекеттік сыйақының кешіктірілуі І тоқсанда нарыққа әсер еткенін атап өткен еді.
Сәуірде ипотека рәсімдегендердің саны 13 мың адамға дейін жетіп, 54,1%-ға өсті. Бірақ бір адамға шаққандағы орташа несие сомасы 19 млн теңге көлемінде қалды.
2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша шегерілген берешекті есептемегендегі ипотекалық портфель – 6,7 трлн теңге, бұл – наурызбен салыстырғанда 1,6%-ға артық. Қарыз алушылар саны – 610,4 мың (+0,9%), ал несиелер саны – 638,6 мың (+1%).
Автонесиелеу де жоғары өсім көрсетті
Автонесиелер көлемі сәуірде 238,5 млрд теңгеге жетіп, наурызбен салыстырғанда 21,3%-ға өсті. Бұл – қатарынан үшінші ай екі таңбалы өсім. Қарыз алушылар саны 24,8 мың адамға дейін көбейіп (+11,9%), орташа несиелік сома 9,6 млн теңгеге дейін артқан (+8,4%).
Кепілсіз тұтынушылық несиелерде өсім баяу
Тұтынушылық несиелер өсімі салыстырмалы түрде төмен – сәуірде бұл сегментте 889,8 млрд теңге берілген, бұл 5%-дық өсім. Қарыз алушылар саны +3,3%-ға, ал орташа сома +1,6%-ға ғана артқан. Айта кетейік, бұл кезеңдегі жалпы инфляция 1,2% болды.
Кәсіпорындарды несиелеу де белсенді
Сәуірде заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге берілген несие көлемі 2 трлн теңгеден асты. Бұл – наурызбен салыстырғанда 35%-ға, ал өткен жылдың сәуірімен салыстырғанда 29,4%-ға көп.
- Заңды тұлғаларға берілген сома – 1,8 трлн теңге (жалпы көлемнің 91%);
• Айлық өсім: +36,3%;
• Жылдық өсім: +30,8%;
• Жеке кәсіпкерлерге берілген сома – 191,8 млрд теңге (9%);
• Айлық өсім: +23,6%;
• Жылдық өсім: +18,6%.