Қазақстандықтар доллар айырбастау бойынша шағымданып жатыр: Ұлттық банк мәлімдеме жасады
Қазақстандықтар 1996-2013 жылдар аралығында шығарылған доллар валютасын айырбастау бойынша шағымданып жатыр. Ұлттық банк өкілдері ел тұрғындары бұл аралықта шыққан банкноталарды қолма-қол айырбастауға құқылы екенін айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ұлттық банкке сілтеме жасап хабарлайды. Ұлттық банк 1996 – 2013 жылдар аралығындағы кезеңде шығарылған қолма-қол АҚШ долларын ЕДБ айырбастау пункттерінің және банктік емес айырбастау пункттерінің айырбастаудан бас тарту фактілері бойынша азаматтардан түсетін шағымдардың жиілеп кеткені туралы хабарлайды.
Осыған байланысты Ұлттық банк бұл банкноталардың заңды төлем құралы болып табылатынын және олардың түпнұсқалығы расталған және зақымдануы болмаған жағдайда Қазақстанның айырбастау пункттерінде комиссиясыз қабылданатынын еске салды. Қазақстан аумағында қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүзеге асыру тәртібі туралы мынаны ескертті. “Егер банкноталар бүлінбеген болса және айналыста жарамсыз деп танылмаған жағдайда ҚР заңнамасында қолма-қол шетел валютасын айырбастау үшін комиссиялар көзделмеген. Айырбастау пункттері алынатын комиссияны айырбастауға қабылданатын банкноталар төлемге қабілетсіз немесе одан әрі айналысқа жарамсыз болған жағдайда ғана белгілеуі мүмкін екенін атап өтеміз”, – делінген мәлімдемеде.