Қазақстандық колледжде жасанды интеллект зертханасы ашылады

Қазақстандық колледждер мен Қытайдың Zhejiang College of Security Technology оқу орны маңызды стратегиялық кездесу өткізді. Талдықорған жоғары политехникалық колледжінде жасанды интеллект (AI) зертханаларын ашу және жаңа “Жасанды интеллект” мамандығын енгізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесу барысында тараптар цифрлық білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, заманауи технологиялар бойынша тәжірибе алмасу және бірлескен жобаларды дамыту бағыттарын талқылады.

Бұл ынтымақтастықтар аясында академиялық ұтқырлық бағдарламалары іске қосылып, студенттер мен оқытушылардың тәжірибеден өтуі мен алмасу мүмкіндіктері кеңейтіледі. Сонымен қатар бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда, – дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім департаменті басшысының орынбасары Ақзира Қасымова.

Оқытушылардың біліктілігін арттыруға, жасанды интеллект саласындағы құзыреттерді дамытуға және халықаралық білім беру стандарттарын енгізуге ерекше көңіл бөлінеді. Бұл әріптестік Қазақстан мен Қытай арасындағы білім беру байланыстарын нығайтып, екі елдің студенттері үшін жаңа кәсіби және оқу мүмкіндіктерін ашады.