Қазақстандық дәрігерлердің жалақысы неге кешікті?

“Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕАҚ басқарма төрағасы Айдын Құлсейітов әлеуметтік желілерде тараған медициналық қызметкерлердің медициналық сақтандырылуына қатысты ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, “Қазақстандағы медицина қызметкерлерінің 30 пайызы МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған” деген ақпарат шындыққа жанаспайды.

Сондай-ақ ол жаз айларында кейбір медициналық ұйымдарда жалақы төлеу бойынша кешігулер болғанын мәлімдеді. Бұл өз кезегінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын уақытылы аударуға әсер еткен.

Мұндай жағдайлар расында болды, бірақ ол 30% медицина қызметкеріне қатысты емес. Кейбір ұйымдарда мемлекеттік тапсырыс (ТМККК) бойынша төлемдер кешіккен кезде бас дәрігерлер алдымен қызметкерлерге негізгі жалақыны төлеу туралы шешім қабылдаған. Ал сақтандыру жарналары кейінірек аударылған. Сол себепті кей жағдайда қызметкерлердің сақтандырылған мәртебесі уақытша тоқтатылған. Себебі жүйе жарналардың түспеуін автоматты түрде тіркейді, – деп түсіндірді Айдын Құлсейітов.