Қазақстандағы ең үлкен жылыжай біздің өңірде салынады

Ресейдің жылыжай саласындағы көшбасы компаниясы «ЭКО-культура» агроөнеркәсіптік холдингі Түркістан облысында 500 гектардан асатын жылыжай кешендерін салады. Биыл құрылысы басталатын жылыжайда 51 гектар жерге қызанақ егіледі. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды инвесторлармен кездесіп, маңызды жобаны талқылады. Ауқымды құрылыс жұмыстары жоспар бойынша наурыз айында басталып, бір жылдан соң іске қосылады. Облыс әкімі аталған жобаның маңыздылығын атап өтті. Жылыжай мегакешенінің жобасы серіктес «ЭКО-культура» агроөнеркәсіптік холдингінің қазақстандық «Green Land Alatau» компаниясының көмегі арқылы жүзеге асырылмақ.

Бүгінде жоба аясында инфрақұрылым жүргізу жұмыстары жүріп жатыр. Келес ауданында жүзеге асатын инвестициялық жоба 1 мыңға жуық адамға жұмыс орнын құруды көздейді. Сонымен қатар, инвесторлар агросала мамандарын даярлайтын ресейлік жоғары оқу орындарымен бірлесіп, ауыл шаруашылығы саласындағы білікті мамандарды дайындауды қолға алмақ.

«ЭКО-культура» агроөнеркәсіптік холдингі қызметінің негізгі түрі – өндірістік циклі жыл бойы жалғасатын жабық топырақта көкөніс өсіру. АӨХ құрамына Ресейдің бірнеше облысындағы жұмыс істеп тұрған жылыжай кешендері кіреді. Инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін климаттық жағдайы қолайлы саналатын оңтүстік өңірі арнайы таңдалған. Жобаны қаржыландыруды жеке қаржыландырудан бөлек банк арқылы жүзеге асыру жоспарлануда.

– Бұл өңірімізде жүзеге асатын маңызды жобалардың бірі болмақ. Ауыл шаруашылығы саласында мамандардың біліктілігін арттыру да өте маңызды мәселе. Жоба аясында жерлестеріміз үшін жаңа жұмыс орындары ашылады. Ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс әрқашан жоғары. Сондықтан агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамыту – кезек күттірмес міндеттердің бірі. Осындай ірі жобаны жүзеге асыру біз үшін маңызды, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар инженерлік инфрақұрылымды жүргізу, инвестициялық субсидиялар және жобаны қаржыландыруға қатысты мәселелерді мұқият пысықтауға келісті. Заманауи жылыжай кешендері өсіп жатқан дақылдардың толық циклін бақылайтын, жылыту жүйесі мен салқындатуды, жарық режимін, тамшылатып суаруды, атмосферадағы көмірқышқыл газының мөлшерін басқаратын заманауи автоматтандырылған климаттық бақылау жүйесімен жабдықталатын болады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

 

ПІКІР ЖАЗУ