Қазақстандағы ең қымбат сирек металдар: Жер астындағы байлықтың құны қанша?

Қазақстан сирек және стратегиялық маңызы бар металдарға бай елдердің бірі саналады. Қазіргі технологиялық дәуірде мұндай ресурстарға сұраныс күрт өсіп отыр. Электромобиль өндірісі, микрочип индустриясы, ғарыш техникасы мен әскери технологиялар дәл осы элементтерге тәуелді. Сондықтан Қазақстандағы кен орындарына халықаралық қызығушылық та артып келеді. BAQ.KZ тілшісі еліміздегі сирек металдардың қоры, олардың құны және әлемдік нарықтағы орны туралы деректерді саралап көрді.
Қазақстанда сирек металдардың қоры қаншалықты көп?
Қазақстанда құрамында сирек және сирек жер элементтері бар 100-ден астам кен орны анықталған. Бұл ресурстар еліміздің индустриялық-инновациялық дамуы үшін маңызды бағыттардың бірі саналады. Бұл жайлы BAQ.KZ тілшісінің ресми сауалына жауап берген Құрылыс және өнеркәсіп министрлігінің сарапшылары мәлімдеді.
Мамандардың айтуынша, қазіргі технологиялық дәуірде мұндай металдарға сұраныс күрт өсіп отыр. Сондықтан Қазақстандағы кен орындарына халықаралық қызығушылық та артқан.
Қазақстан қандай сирек металдарға бай?
Елімізде бірнеше стратегиялық металдың ірі қоры бар. Мысалы:
- вольфрам – 2,4 млн тонна
- молибден – 1 млн тонна
- литий – 226,9 мың тонна
- бериллий – 70,7 мың тонна
- ниобий – 28 мың тонна
- тантал – 4,6 мың тонна
- германий – 4,3 мың тонна
- галлий – 3,3 мың тонна
Бұл металдардың көпшілігі жоғары технологиялық өндірістерде кеңінен қолданылады.
Литий не үшін керек?
Литий – қазіргі технологиялық индустриядағы ең маңызды элементтердің бірі.
Бұл металл электр көліктерінің аккумуляторларын жасауға, электроника өндірісіне, химия өнеркәсібіне, фармацевтика саласына кеңінен қолданылады.
Қазақстанда литий оксидінің 9 кен орны бар. Олардың басым бөлігі Шығыс Қазақстан облысында орналасқан.
Қазақстан ресурстарына қай елдер қызығып отыр?
Соңғы жылдары Қазақстандағы сирек металдарға бірнеше технологиялық держава қызығушылық танытып отыр. Олардың арасында Еуропалық одақ елдері, АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея бар.
Қазір бірқатар жоба бойынша геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қандай металдар геосаяси бәсекенің нысанына айналды?
Сарапшылардың пікірінше, қазіргі таңда бірнеше металл ерекше стратегиялық маңызға ие. Олар: литий, сирек жер элементтері, бериллий және тантал.
Бұл металдар энергетикалық трансформация мен жоғары технологиялық өндірістер үшін аса қажет.
Әлемдегі ең қымбат сирек металдар қандай?
2026 жылғы халықаралық деректерге сүйенсек, кейбір сирек металдардың құны өте жоғары.
Мысалы:
- Калифорний – шамамен 13,5 трлн теңге/кг
- Осмий – шамамен 1,2 млрд теңге/кг
- Родий – шамамен 325 млн теңге/кг
- Иридий – шамамен 115 млн теңге/кг
- Рутений – шамамен 16,5 млн теңге/кг
- Рений – шамамен 2,9 млн теңге/кг
Бұл металдардың көпшілігі ғарыш техникасында, электроникада және ядролық технологияларда қолданылады.
Халықаралық нарықтағы сирек металдардың бағасы туралы толық деректерді мына және мына сайттардан көруге болады. Бұл ресурстар әлемдік стратегиялық металдар нарығы туралы жүйелі ақпарат жариялап отырады.
Қазақстандағы ең қымбат сирек металдар қандай?
Әлемдік нарықтағы бағаға сүйенсек, Қазақстанда бар сирек металдардың ішінде ең қымбаттары мыналар:
1-орын – Германий. Инфрақызыл оптика, әскери техника және спутниктік байланыс жүйелерінде қолданылады. Бағасы ≈ 1 050 000 теңге/кг.
2-орын – Бериллий. Ғарыш техникасы мен авиация өндірісінде қажет металл. Бағасы ≈ 700 000 теңге/кг.
3-орын – Тантал. Смартфондар мен компьютерлердегі конденсаторлар өндірісінде пайдаланылады. Бағасы ≈ 225 000 теңге/кг.
4-орын – Галлий. Микрочип пен жартылай өткізгіш өндірісінің маңызды элементі. Бағасы ≈ 130 000 теңге/кг.
5-орын – Ниобий. Болатты ерекше берік ету үшін қолданылады. Бағасы ≈ 50 000 теңге/кг.
6-орын – Молибден. Берік қорытпалар жасау үшін қолданылады. Бағасы ≈ 38 500 теңге/кг.
7-орын – Вольфрам. Өте қатты әрі ыстыққа төзімді металл. Бағасы ≈ 20 000 теңге/кг.
8-орын – Литий. Электромобиль аккумуляторларының негізгі элементі. Бағасы ≈ 11 000 теңге/кг.
Сирек металдар Қазақстан экономикасына қанша табыс әкеледі?
Соңғы жылдары стратегиялық металдарға әлемдік бағаның өсуі экспорттық түсімнің артуына ықпал етті.
Ресми деректер бойынша сирек металдар өндірісінің көлемі 179 млрд теңгеге жетті. Бұл – өңдеу өнеркәсібінің 0,56 пайызы.
Бұл мәліметтер де Құрылыс және өнеркәсіп министрлігінің BAQ.KZ сауалына берген ресми жауабында көрсетілген.
Қазақстан әлемдік жеткізу тізбегінде қандай орын алады?
Қазақстан бірқатар сирек және стратегиялық металдар бойынша жаһандық жеткізу тізбегінде маңызды орын алады.
Әсіресе бериллий, уран, секторында еліміздің позициясы айтарлықтай мықты.
Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан бұл салада инвестиция тарту мен ұлттық мүддені қорғау арасындағы теңгерімді саясат жүргізуге тырысып отыр.




