Қазақстанда Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру туралы құжатқа қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы Президент Қазақстан Республикасының Конституциясы 44-бабының 3) тармақшасына сәйкес мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында қаулы етті:

1. Инновациялық қызмет саласындағы функциялар мен өкілеттіктерді Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігіне бере отырып, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі болып қайта құрылу жолымен қайта ұйымдастырылсын.

2. Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі берілетін функциялар мен өкілеттіктерге сәйкес Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің құқықтары мен міндеттерінің құқықтық мирасқоры болып айқындалсын.

3. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

1) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша мемлекеттік органдардың және оларға ведомстволық бағынысты ұйымдардың штат санын қайта бөлуді;

2) осы Жарлықты іске асыру бойынша өзге де шаралар қабылдауды қамтамасыз етсін.

4. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 22 қаңтардағы № 6 Жарлығына мынадай өзгеріс енгізілсін:

1-тармақтағы «Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі» деген жол мынадай редакцияда жазылсын: «Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі».

5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

6. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Осылайша Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 18 қыркүйекте №997 Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру туралы құжатқа қол қойды.