Қазақстанда ұшқыштарды лазермен соқыр еткендерге қатаң жаза енгізілді

Қазақстанда әуе кемесін басқаруға кедергі келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Енді лазерлік құрылғыларды немесе ұшқышсыз ұшу аппараттарын заңсыз пайдалану ауыр қылмыс саналады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мамандардың айтуынша, ұшқыштарды лазерлік құрылғылармен соқыр ету – нақты әрі аса қауіпті әрекет. Әсіресе ұшу мен қону сәтінде мұндай жағдай ұшақ апатына әкелуі мүмкін. Ұшқыштар уақытша көру қабілетінен айырылып, жүздеген адамның өміріне қауіп төндіреді.
Авиациялық қызметтердің дерегінше, соңғы алты жылда Қазақстанда жолаушылар лайнерлерінің экипажын лазермен соқыр етуге қатысты 98 оқиға тіркелген. Оның басым бөлігі Алматы халықаралық әуежайында болған. Егер 2017 жылы небәрі 8 дерек тіркелсе, 2023 жылы бұл көрсеткіш 30-ға жеткен.
Бас прокуратураның мәліметіне сәйкес, бұған дейін отандық заңнамада мұндай әрекеттер үшін арнайы жауапкершілік болмағандықтан, кінәлілерді жауапқа тарту қиынға соғып келген. Ал шетелде – Австралия, Германия, Канада және АҚШ-та мұндай құқық бұзушылық үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
16 шілдеде қабылданған заңға сәйкес, Қазақстанның Қылмыстық кодексіне жаңа 352-1-бап енгізілді. Ол бойынша әуе кемесін басқаруға әдейі кедергі келтіргендер айыппұлдан бастап 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Прокуратура бұл өзгерісті қоғамдық қауіпсіздікті күшейту және көлік саласындағы қылмыстық әрекеттердің алдын алудағы маңызды қадам деп бағалады.
Мұндай әрекеттер зиянсыз еркелік емес. Бұл – ондаған, тіпті жүздеген адамның өміріне қатер төндіретін өрескел заң бұзушылық. Жаза бұлтартпастығы қамтамасыз етіледі, – делінген Бас прокуратураның хабарламасында.