Қазақстанда тіркелмеген дәрілерді сатуға тыйым салынды

 Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 251-бабы 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағына мемлекеттік тіркеуден өтпеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды әкелуге жол берлмейді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ерекше жағдай ретінде клиникалық зерттеулер жүргізу үшін, ауыр сырқаттарды емдеу үшін, төтенше жағдайлардың салдарын жою үшін, сондай-ақ жеке тұлғалардың жеке пайдалануына және заңнамада көзделген басқа жағдайларда әкелуге рұқсат етіледі.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының аумағында тіркелмеген «Мунджаро» (тирзепатид) дәрілік заттың маркетплейстер арқылы жарнамаланып, сатылып жатқан фактілері тіркелді. Осыған байланысты Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті аумақтық департаменттерге аталған фактілер бойынша тексерулер жүргізуді тапсырды.

Дәрілік заттар мен медициналық қызметтерді жарнамалауды бақылауды күшейту мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан дәрілік заттардың, биологиялық белсенді қоспалардың (ББҚ) және медициналық қызметтердің заңсыз жарнамасын анықтау мен жолын кесу жөніндегі жол картасы бекітілді.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасында 2-типтегі қант диабетін емдеуге арналған «Оземпик» дәрілік заты тіркелгенін назарға саламыз. Бұл затты тек емдеуші дәрігер тағайындайды және ол қатаң түрде рецепт бойынша ғана босатылады. Айта кету керек, Қазақстан Республикасының аумағына тіркеу куәлігінің қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін әкелінген немесе өндірілген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды шектеусіз қолдануға және өткізуге болады.

Барлық тіркелген және сапасын бағалау рәсімінен өткен дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар туралы ақпарат Қазақстан Республикасының дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың Мемлекеттік тізілімінде орналастырылған.

Комитет тіркелмеген дәрілік заттарды өткізу немесе жарнамалау фактілері анықталған жағдайда Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 426-бабы 3-бөлігінде көзделген әкімшілік шаралар қолданылатынын еске салады.

Аталған нормаға сәйкес тіркелмеген, қолдануға рұқсат етілмеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіру, сатып алу, тасымалдау, сақтау, өткізу, қолдану және жарнамалау, егер олар адамның денсаулығына зиян келтірмеген жағдайда, төмендегі айыппұл салынады:

  • жеке тұлғаларға – 100 АЕК;
  • лауазымды адамдарға – 150 АЕК;
  • шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 200 АЕК;
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 300 АЕК;
  • ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 1500 АЕК, қызметін тоқтата тұра отырып, құқық бұзушылық нысаналарын және оны жасау нәтижесінде алынған кірістерді тәркілей отырып.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті халықты сақ болуға және Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркеуден өтпеген дәрілік заттарды сатып алмауға шақырады. Қауіпсіздігі, тиімділігі мен сапасы расталмаған  заттарды қолдану денсаулық пен өмірге елеулі қатер төндіреді.