Қазақстанда тәуелсіз кәсіподақ құру қиын

 “Отын-энергетикалық кешені қызметкерлерінің салалық кәсіподағы” қоғамдық бірлестігінің мүшелері бірнеше жылдан бері кәсіподақ мәртебесін заңдастыра алмай жүр. Бұл туралы жұмадағы баспасөз жиынында Нұр-Сұлтанға жиналған тәуелсіз кәсіподақ жетекшілері айтты. Кәсіподақ төрағасы Құспан Қосшығұлов бірнеше жылдан бері кәсіподақтың аймақтық филиалдарын толық тіркете алмай жүргенін айтты.

 – Біздің “Отын-энергетикалық кешені қызметкерлерінің салалық кәсіподағы” Шымкент қаласында тіркелген. Оның заңды мекен-жайын Ақтауға өзгертейік десек, әділет департаменті “мәртебелеріңіз бекітілмеген” деп бас тартып отыр. Ал мәртебені бекіту үшін кәсіподақ туралы заңға сәйкес, Қазақстан облыстарының жартысынан астамында филиалдарымыз болуы керек. Оны да тіркете алмай жүрміз. Қазақстанда тәуелсіз кәсіподақ құру қиын, – дейді ол.

 Құспан Қосшығұлов тәуелсіз кәсіподақтарды тіркемеудің саяси астары бар деп санайды.

– Жұмысшылар бастамасымен құрылған кәсіподақ билік пен жұмыс берушіге үлкен кедергі. Оларға жұмысшылардың құқын қорғаудан гөрі құлдар керек. Тәуелсіз кәсіподақ болмағандықтан еңбек дауына байланысты құқықтарын пайдаланып шыққан ереуілдердің бәрін жұмыс берушінің арызымен сот заңсыз деп таниды, айыппұл салады, жұмыстан шығарады. Мұның бәрі саяси тапсырма, – дейді ол.

 Нұр-Сұлтанға Құспан Қосшығұловтан өзге 2017 жылы “Маңғыстаумұнайгаз” компаниясының мердігері Oil Construction Company (ОСС) мекемесінің тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын жаппауды талап етіп аштық жариялағаны үшін жұмыстан шығарылған бұрынғы мұнайшылар Мақсат Таспаев, Жамбыл Бекешов, Мақсат Жайлаубаев та келген.

– Қазір “Жаңа Қазақстан” боламыз деп жатыр. “Қазмұнайгаз”ұлттық компаниясына көп жылғы тәжірибесі бар мұнайшылар ретінде жұмысқа алуды талап еткен арыз қалдырдық. Біз тәуелсіз кәсіподақты сақтап қаламыз деп күрестік, онымыз қылмыс емес деп санаймыз. Және сол кездері аштық жарияласақ та жұмысты тоқтатпаған едік, – дейді бұрынғы мұнайшы Мақсат Жайлаубаев.

 Жұмыссыз мұнайшылардың барлығы бес жыл бұрынғы принциптерінен танбай мәртебесі анықталмаған “Отын энергетикалық кешені қызметкерлерінің салалық кәсіподағы” құрамына мүшелікке өткен. Қазір оның жұмысына қолдау жасап жүр. Тәуелсіз кәсіподақтың лидері Құспан Қосшығұловтың айтуынша, Қазақстан билігі 2014 жылы қабылдаған кәсіподақ туралы заң тәуелсіз кәсіподақ құруға ұмтылғандардың жағдайын ауырлатып жіберген. Ал ресми Нұр-Сұлтан 2020 жылы мамырда бұл заңға өзгеріс енгізгенімен, сарапшылар оны жағдайды жақсарта алмады деп санайды.

 Билік Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын (ҚТКК) 2017 жылы “Кәсіподақ туралы заңды орындамады” деп күштеп жабу туралы шешім шығарған. Сот шешімі елдің батысында наразылық тудырды. Маңғыстаудағы Oil Construction Company (ОСС) мұнай сервисі кәсіпорнының жүздеген жұмысшысы “ТКК тараса, жұмысшылардың талабы жұмыс берушіге жетпейтінін” айтып, аштық жариялаған. Олар жұмысшылар құқығын қорғамайтын ресми кәсіподақ құрамында болғысы келмейтіндерін мәлімдеген. Ол кезде ОСС тәуелсіз кәсіподағы Харькова басқаратын конфедерация құрамына кіретін. Харькованың өзі мұнайшылардың жағдайына алаңдап, аштықты тоқтатуға шақырған.

  Билік ОСС жұмысшыларының наразылық акциясын заңсыз деп шешім шығарып, ондаған адамды сотқа тартты, кейбіреулеріне айыппұл салды. Ал қылмыстық айыптар тағылған кәсіподақ белсенділері Әмин Елеусінов (“кәсіподақ ақшасын жымқырды” деп айыпталған) пен Нұрбек Құшақбаев (заңсыз ереуілге шықты деп айыпталған) сот үкімімен түрмеге қамалып, кейін жазалары шартты түрге ауысты. Ал ТКК басшысы Лариса Харкова “өкілетін асыра пайдаланды” деп бас бостандығы шектелді. ҚТКК құрамындағы “Отын-энергетика кешені жұмысшыларының салалық кәсіподағының” бұрынғы төрағасы Ерлан Балтабайды 2019 жылғы шілдеде Шымкент соты жеті жылға бас бостандығынан айырған. Кейін ол президенттің “рақымшылық туралы” жарлығының арқасында бостандыққа шықты. Сол жылы қазанда белсендіні тағы да сотқа шақырып, 5 ай 8 тәулікке түрме жазасына кесті. Ерлан Балтабай 2021 жылы наурыз айында бостандыққа шықты. Құспан Қосшағұлов оның орынына кәсіподақ төрағасы болып 2018 жылы наурызда сайланған.

ПІКІР ЖАЗУ