Қазақстанда шетелден келген компанияларға қандай талаптар қойылады?

 Қазақстанда шетелден келген компаниялар үшін арнайы талаптар белгіленбеген. Республика инвестиция тартуға ашық және ел аумағында инвестициялық жобаларды іске асыруға ниетті шетелдік инвесторларды қолдайды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі BAQ.KZ тілшісіне берген ресми жауабын айтты.

Ведомствоның мәліметінше, егер шетелдік инвестор мемлекеттік қолдау (преференция) алғысы келсе, онда ол Қазақстан заңдарына сәйкес заңды тұлға ретінде тіркелуі керек. Бұл талап Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 292-бабына негізделген.

Қазақстандағы инвестициялық преференцияларды келесі келісімдер негізінде алуға болады:

  • Инвестициялық келісімшарт;
    • Инвестициялар туралы келісім;
    • Арнайы инвестициялық келісімшарт;
    • Арнайы экономикалық аймақтың (АЭА) басқарушы компаниясымен жасалған шарт.

Инвестициялық келісімшарт бойынша инвесторлар мынандай жеңілдіктерге ие бола алады:

  • Салықтық преференциялар;
    • Мемлекеттік заттай гранттар;
    • Жабдықтарды, қосалқы бөлшектерді, шикізат пен материалдарды импорттау кезінде кедендік баж салығынан босату.

Бұл салықтық жеңілдіктер тек инвестициялық басым жобаларды іске асыру үшін беріледі. Преференция үшін өтінім беруші міндетті түрде Қазақстанда тіркелген заңды тұлға болуы керек және жобасы 2016 жылғы 14 қаңтардағы №13 Үкімет қаулысымен бекітілген басым қызмет түрлерінің тізбесіне сәйкес келуі тиіс.

Сонымен қатар, инвестициялық басым жобаларды іске асыратын инвесторлар шетелдік жұмыс күшін квотасыз және арнайы рұқсатсыз тарта алады (“Халықтың көші-қоны туралы” заңға сәйкес).

Инвестициялар туралы келісім арқылы:

– Корпоративтік табыс салығы,
– Жер салығы,
– Мүлік салығы,
– АЭА аумағында ҚҚС (қосылған құн салығы) жеңілдіктері беріледі.
– Сонымен бірге нақты шығындарды өтеу тетіктері қарастырылған.

Арнайы инвестициялық келісімшарт шеңберінде:

– Технологиялық жабдық пен оның бөлшектерін импорттағанда ҚҚС және кедендік баждан босату мүмкіндігі бар.

  • Жобаның құнына қарай салықтық жеңілдіктер алады,
    • Еркін кеден аймағы тәртібін пайдаланады,
    • Рұқсаттар мен келісімдерді алу процедураларын жеңілдетілген тәртіппен өтеді.

Еске салайық, былтыр Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 17,2 миллиард долларға жетті. Ведомствоның мәліметінше, инвесторлар ең көп қаржы құйған салалар қатарында дәстүрлі бағыттармен бірге өңдеу өнеркәсібі мен IT саласы да алдыңғы орынға шығып келеді.

Қазақстанға ең көп инвестиция салған елдер:

Ресей – 4,1 млрд доллар,
Нидерланд – 3,8 млрд доллар,
Оңтүстік Корея, Бельгия, Қытай – әрқайсысы 1,2 млрд доллардан,
Франция, Кипр, Ұлыбритания, Сингапур және Түркия – әрқайсысы 597 млн мен 843 млн доллар аралығында қаржы салған.

ПІКІР ЖАЗУ