Қазақстанда декреттік жәрдемақыға шектеу қойылды

Қазақстанда жүктілік пен босануға байланысты төлемдерге шектеу қойылды, деп хабарлайды BAQ.KZ. 2025 жылғы 28 наурызда жарияланған бұйрық ресми жарияланған күннен бастап 10 күнтізбелік күннен кейін күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүктілік пен босану бойынша, сондай-ақ бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты төлемдерді есептеу мен тағайындау тәртібіне өзгерістер енгізді. Бұл өзгерістер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) активтерін мақсатты пайдалануды қамтамасыз ету және алаяқтық схемаларды болдырмау мақсатында қабылданды.
Негізгі өзгерістердің ішінде:
• Жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлемді есептеу кезінде енді орташа айлық табыс есепке алынады, бірақ бір ай үшін ең көбі 7 ең төменгі жалақыдан (ЕТЖ) аспауы тиіс – жұмыс берушілердің санына қарамастан.
• Әлеуметтік тәуекел басталғаннан кейінгі аударымдар әлеуметтік төлемдерді есептеу кезінде есепке алынбайды.
Бұған дейін, 2024 жылғы 27 ақпанда, ҚР ЕХӘҚМ алқасының кеңейтілген отырысында министр Светлана Жақыпова 2024 жылы МӘСҚ арқылы 1,4 миллион азаматқа жалпы сомасы 958 млрд теңге көлемінде төлем жүргізілгенін хабарлаған еді.
Алайда 15 өңірде төлем көлемі жүйеге қатысушылардан жұмыс берушілер тарапынан түскен әлеуметтік аударымдардан асып кеткен. Жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлем — жоғарғы мөлшеріне шектеу қойылмаған жалғыз төлем. Сондықтан кейбір азаматтар төлем мөлшерін қолдан көбейтіп алу үшін түрлі амал-тәсілдер іздейді. Бұл — жүйеге адал қатысушылардың жарналарын әділетсіз бөлудің себебіне айналады, – деді министр Жақыпова.