Қазақстанда буынды енді роботтар алмастырады

Роботтандырылған хирургия травматологтардың тәжірибесіне сенімді түрде еніп, операция дәлдігіне, қауіпсіздігіне және пациенттердің тез сауығуына жаңа мүмкіндіктер ашуда. Бұл технологиялардың буынды эндопротездеу тәсілдерін қалай өзгертіп жатқаны және Қазақстандағы роботтандырылған хирургияның келешегі туралы ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының №3 хирургия бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санатты травматолог Болат Ысқақов айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
– Болат Серікұлы, ірі буындарды эндопротездеу – сіздің тәжірибеңіздегі негізгі бағыттардың бірі. Пациенттер көбіне неге шағымданады және операциядан кейін қандай нәтижелерге қол жеткізуге болады?
– Пациенттердің негізгі ағыны тізе немесе жамбас буындарының ауырсынуымен келеді, оның себебі – осы буындардың деформациялаушы артрозы. Бұл дерт қозғалыстың шектелуіне, ақсауға және өмір сүру сапасының нашарлауына әкеп соғады. Буындарды эндопротездеудің заманауи технологияларының арқасында біз пациенттердің қозғалыс еркіндігін қайтарып, ауырсыну синдромын жоюға немесе айтарлықтай азайтуға мүмкіндік аламыз. Нәтижесінде адамдардың өмір сүру сапасы қалпына келіп, олар қайтадан саяхаттап, белсенді қозғала алады.
– Ревизиялық эндопротездеудің ерекшеліктері қандай және бұл алғашқы операцияларға қарағанда қаншалықты күрделі?
– Бізге көбіне бұған дейін эндопротездеу операциясын жасатып, бірақ мәселесі шешілмеген пациенттер келеді: ауырсыну, қозғалыстың шектелуі, ақсау, буынның тұрақсыздығы немесе буынға инфекция түсуі мазалайды. Мұндай жағдайларда біз ревизиялық эндопротездеу жүргіземіз. Егер инфекциялық процесс болса, операция бірнеше кезеңмен жасалады. Мұндай операциялар алғашқы отадан бірнеше есе күрделі, өйткені бұл жерде сіңір аппараты және сүйек тінінің тапшылығымен жұмыс істеуге тура келеді. Сондықтан ревизиялық эндопротездеу күрделі реконструктивті операциялар санатына жатады.
– Қазіргі медицинада роботтандырылған технологиялардың қарқыны басым. Буынды эндопротездеуде бұл әдістің өзгелерден қандай артықшылығы бар?
– Роботтандырылған технологиялар шет елдерде, атап айтқанда, АҚШ-та ортопедиялық тәжірибеге қарқынды еніп жатыр. Робот-ассистенттік жүйелер қазіргі уақытта буындарды эндопротездеуде үлкен танымалдылыққа ие болуда. Олардың басты артықшылығы – эндопротезді орнатудың жоғары дәлдігі және операция алдындағы жоспарға толық сәйкестігі. Басқаша айтқанда, имплантация кезіндегі қателіктер мен дәлсіздіктерге жол берілмейді.
– Роботтандырылған операция кезінде хирургтың рөлі қандай? Дәрігер қандай кезеңдерді орындайды, ал «ақылды» техника нені өз мойнына алады?
– Роботтың көмегімен жасалатын отада хирург бұрынғысынша басты рөл атқарады. Алайда оның жанында роботтың жұмысын қамтамасыз ететін және оны құрастырған үлкен мамандар тобы және ота барысын онлайн режимде қадағалап, кемшіліктерді түзетуге көмектесетін бағдарламалық кешендер жұмыс істейді. Әрине, операция үшін жауапкершілік хирургқа жүктеледі. Хирург ота жасалатын аймақты тіліп, оны визуализациялайды, арнайы белгілерді орнатады және робот жұмыс істейтін операциялық аймақты белгілейді. Робот болса, операция алдындағы жоспарлау мен компьютерлік томография деректеріне сүйене отырып, хирургқа операция жоспарын 100 пайызға жуық дәлдікпен орындауға мүмкіндік береді.
– Роботтандырылған хирургия хирургтың жұмысын жеңілдете ме, әлде, керісінше, үлкен шеберлік пен жауапкершілікті талап ете ме?
– Жалпы, роботтандырылған хирургия хирургтің өз тәжірибесіне және бұрын жасаған операцияларына деген көзқарасын өзгертеді. Бұрын хирург қолымен сезіп, нәтижесін операциядан кейін ғана бағалайтын жайттарды, енді ол операция кезінде нақты цифрлық деректер арқылы көре алады. Осындай көмекшінің арқасында қателік ықтималдығы азаяды және хирург импланттың дәл операция алдындағы модельдеу кезеңінде жоспарланғандай орнатылуына жүз пайыз кепілдік бере алады.
– Роботты қолдану пациенттердің қауіпсіздігіне және олардың сауығу мерзіміне қалай әсер етеді?
– Операцияға роботтың қатысуы пациенттің қауіпсіздігіне оң әсер етеді, сондықтан көптеген шетелдік пациенттер осы технологияны таңдайды. Осылайша, хирург тарапынан белгілі бір жағдайларда орын алуы мүмкін қателіктер жойылады. Робот-ассистенттік операциялардан кейін сауығу процесі, әрине, стандартты әдістерге қарағанда жылдамырақ өтеді. Бұл имплантты дәл орнату арқылы тізе буынының сіңір аппаратының оңтайлы теңгерімін қамтамасыз етумен және аяқ осінің дұрыс шығарылуымен байланысты. Осының бәрі пациенттің тезірек дағдылы өмір салтына оралуына және қалаған нәтижеге қол жеткізуіне ықпал етеді.
– Қазақстанның травматология және ортопедия саласындағы роботизацияланған хирургияның даму перспективаларын қалай бағалайсыз?
– Травматология мен ортопедия дами бермек. Қазақстан да заманауи дамыған елдер сияқты цифрландыруға және озық технологияларды енгізуге ұмтылады. Біздің пациенттер емдеудің заманауи әдістеріне бағытталған, сондай-ақ бізде мұндай технологияларды игеруге және қолдануға дайын мамандар бар. Біздің орталық – осы технологияны енгізетін және еліміздің халқына заманауи емдеу әдісімен көмектесуге, пациенттеріміздің нәтижелерін әлемнің озық клиникаларының деңгейіне жеткізуге дайын дамыған заманауи кешендердің бірі.
– Әңгімеңізге рахмет!
Жанерке ЖӘКЕН




