Қазақстанда алдағы үш жылда ЖІӨ 229,8 трлн теңгеге дейін өседі

2028 жылы Қазақстандағы жалпы ішкі өнім айтарлықтай өседі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
Базалық нұсқаға сәйкес 2026 жылы ЖІӨ-нің нақты өсуі болжам бойынша 5,4 %, 3 жылдағы орташа жылдық өсім – 5,3 %-ды құрайды. Номиналды ЖІӨ 2026 жылы 183,8 трлн теңгеден 2028 жылы 229,8 трлн теңгеге дейін өседі. Экономиканың өсуі нақты сектор мен қызмет көрсету саласындағы өсіммен қамтамасыз етілетін болады, – деп атап өтті ведомство басшысы.
Сонымен қатар вице-премьер өңдеуші өнеркәсіптегі инвестициялық жобаларға тоқталды.
Өңдеуші өнеркәсіпте инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен өсу қарқынының 2026 жылғы 6,2 %-дан 2028 жылы 6,6 %-ға дейін ұлғаюы болжанады. Тау-кен өнеркәсібіндегі үш жылдағы орташа өсім 2,8%, ауыл шаруашылығында – 3,9%, құрылыста – 11,0%, көлік қызметтерінде – 10,1% және саудада – 6,7%-ды құрайды. Оң сауда балансы сақталады. Экспорт болжам бойынша 2026 жылы 77,1 млрд доллардан 2028 жылы 83,7 млрд долларға дейін, импорт – 67,7-ден 75,2 млрд долларға дейін өседі, – деді Серік Жұманғарин.