Қазақстанда 4 мыңға жуық адам ағза трансплантациясын күтуде

Қазақстанда 4 мыңға жуық адам ағза трансплантациясын күтуде. Олардың ішінде 121 бала бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Пациенттердің басым бөлігі бүйрек трансплантациясын қажет ететіндер, олар жағдайлардың жалпы санының шамамен 91%-ын құрайды. Бауырды – 222 пациент, жүректі – 149, өкпені – 27, өкпе-жүрек кешенін – 6 адам күтуде. Жыл сайын 300-ден астам адам трансплантацияны күтпей, өмірден озады.

2012 жылдан бері Қазақстанда 3200-ден астам ағза трансплантациясы жасалды, олардың негізгі бөлігін тірі донорлардан жасалған операциялар құрайды. 2023 жылдан бастап консервацияланған мөлдір қабықты транспланттау енгізілді, 308 ауыстырып салу операциясы жасалды. Алайда, бүкіл жүйенің дамуы ең алдымен қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа тікелей байланысты болып отыр, – дейді ДСМ транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы директорының міндетін атқарушы Назгүл Жангелдина.

Донор болу бойынша eGov.kz порталында 135 мыңнан астам ерік білдіру өтініштері тіркелген. Бірақ олардың ішінен небәрі 10 724 адам ғана қайтыс болғаннан кейін донор болуға келісім берген, ал 112 мыңнан астам адам бұдан бас тартқан.

Келісім білдірушілер саны артқанына қарамастан, бас тарту үлесі одан да жылдам өсіп келеді. Бұл қоғамда әлі де сенімсіздік пен ақпараттану деңгейінің төмен екенін көрсетеді, – деді спикер.