Қазақстан жасыл энергетикаға қалай бет бұрып жатыр?

XVI Еуразиялық Kazenergy форумының “Жұмысшы мамандықтар жылы: адамдар энергиясы” атты панельдік сессиясында ҚР Энергетика министрлігі аппаратының басшысы Жанар Жарылғасова Қазақстанның энергетиканы жаңғырту және жасыл энергияға өтудегі ілгерілеуі туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, бүгінгі күні адами капитал – саланың бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы.
Адамдарға салынған инвестиция – ең сенімді қаржы. Білікті кадрлар энергетиканың тұрақтылығын қамтамасыз етеді және инвестициялар үшін магнит іспетті, – деді Жанар Жарылғасова.
Қазақстан 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 15%-ға, ал 2050 жылға қарай баламалы энергетиканың үлесін 50%-ға жеткізуді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда жасыл генерация елдің энергия балансында 6,4%-ды құрайды, ал қуаты 3,2 ГВт-тан асатын 158 ЖЭК нысаны жұмыс істеп тұр.
Сонымен қатар ауқымды инфрақұрылымды жаңғырту жүріп жатыр. Жүйелік оператор KEGOC желілерді жаңарту бағдарламасын жүзеге асыруда. Ұзындығы 600 км-ден асатын жаңа электр жеткізу желісі салынып жатыр. Ол алғаш рет батыс өңірлерді бірыңғай энергетикалық жүйемен байланыстырады. 2035 жылға дейін 17 мың км-ден астам электр жеткізу желілерін Smart Grid технологияларын енгізе отырып қайта жаңарту жоспарланған.
Қазақстан газ саласында 2030 жылға қарай тауарлық газ өндіру көлемін 36,6 млрд текше метрге дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Ол үшін 2026-2030 жылдары жалпы қуаты шамамен 9 млрд текше метр болатын төрт жаңа газ өңдеу зауыты іске қосылады.