Қазақстан тұрмыстық химия импортын азайтуда

Қазақстанда экономиканың стратегиялық секторларындағы, соның ішінде тұрмыстық химия саласындағы импортқа тәуелділікті төмендету бағытында белсенді жұмыс жалғасуда, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚР Индустрия және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2024 жылы елімізде тұрмыстық химия өндірісінің көлемі 5,6 мың тоннаны құрады. Бұл –елдегі жалпы тұтыну көлемінің (123 мың тонна) небәрі 4,5%-ын ғана қамтиды.
Шетелдік өнімдердің басымдығына қарамастан, соңғы жылдары отандық өндіріс өсіп келеді. Бұған мемлекеттік қолдау шаралары өз ықпалын тигізуде.
Қазақстандық өндірушілерді қолдаудағы негізгі қадамдардың бірі мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ұлттық режимнен алынуға жататын тұрмыстық химия тауарларының тізбесін бекіту туралы Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің шешімі болды. Бұл өнімнің осы санаттарын негізінен отандық өндірушілерден сатып алуға болатындығын білдіреді, бұл оларға айтарлықтай бәсекелестік артықшылық береді, – делінген министрлік хабарламасында.
Аталған шешімнен кейін кәсіпорындардың өндірістік қуаты 25%-ға өсті. Мемлекеттік сатып алулар арқылы кепілді сұранысқа ие болған отандық компаниялар тұрақты логистика мен баға саясатын жолға қоя алды.
Сонымен қатар, елде саланы дамытуға бағытталған жаңа инвестициялық жобалар әзірленуде.