Қазақстан полицейлері жол қозғалысына қатысушыларға үндеу жасады

 Еліміздің бірқатар өңірінде ауа райының қолайсыздығына байланысты Ішкі істер министрлігі жол қозғалысына қатысушыларға үндеу жасады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Құбылмалы ауа райы сақталып отырған Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстары, сондай-ақ елордадағы трассаларда тәртіп сақшылары жүргізушілер мен жолаушыларға тәулік бойы көмек көрсетіп жатыр.

– Боран мен көктайғақ салдарынан жолдарда қауіпті жағдайлар туындауы мүмкін. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және қозғалыстың барлық қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сіздерді жол ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз. Көру мүмкіндігінің азаятынын ескере отырып, жылдамдықты асырмауды сұраймыз. Маневр жасаудан аулақ болыңыздар, көліктер арасындағы арақашықтықты сақтаңыздар. Жаяу жүргіншілер өтетін жерлерде жүргізушілер өте мұқият болуы тиіс. Автокөліктің техникалық жағдайын тексеру және қысқы доңғалақтарды пайдалану өте маңызды. Ауа райы күрт нашарлаған жағдайда алыс сапарға шықпаңыздар. SMS-хабарландырулар мен ресми дереккөздердегі ақпаратты назардан тыс қалдырмаған жөн. Жол жүрісі қағидаларын сақтау – қауіпсіздік кепілі. Төтенше жағдай орын алса, 112 нөмірі арқылы шұғыл қызметке, 102 нөмірі арқылы полицияға хабарласыңыздар, – деп еске салды полиция қызметкерлері.

Сонымен қатар ведомство қарапайым ережелерді ұстану оқыс оқиғалардың алдын алатынын атап өтті.

ПІКІР ЖАЗУ