Қазақстан мен Тәжікстан ынтымақтастығы жаңа кезеңге өтеді

Мәжіліс Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты ратификациялады. Құжатқа 2024 жылғы 22 тамызда Душанбе қаласында қол қойылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Шарттың негізгі мақсаты – екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың кешенді дамуына қосымша серпін беру. Құжатта саяси, экономикалық, әскери, әлеуметтік, ғылыми-технологиялық, мәдени және гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылды дамыту көзделген.

Сонымен қатар тараптар кәсіпкерлік пен экономикалық қызметті дамыту үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударады.

Заңға сәйкес, тараптар екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарға нұқсан келтіруі мүмкін кез келген әрекеттерден бас тартуға міндеттенеді.

Құжатта парламентаралық ынтымақтастықты нығайту да қарастырылған. Бұл үшін парламентаралық достық топтарының жұмысын жандандырып, парламентаралық ұйымдар аясындағы бірлескен жұмысты күшейту жоспарланып отыр.

Сонымен қатар тараптар Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулерін өңірлік мәселелерді бірлесіп талқылау мен шешудің негізгі тетігі ретінде қарастырады.

Аймақтағы орнықты даму мен экологиялық тұрақтылық үшін су ресурстарының маңызы ерекше екені атап өтілген. Осыған байланысты құжатта су ресурстарын ұтымды және өзара тиімді пайдалану, сондай-ақ оларды қорғау бағытындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөлінген.