Қазақстан мен Әзербайжан серіктестігі жаңа мәнге ие болды – сарапшы

Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы достық және көршілік қатынастардың тарихы терең. Екі ел үкіметтері барлық саяси мәселелерді өзара құрмет пен сенім негізінде шешіп келеді. Бұл екі халық арасында сенім мен бауырластықтың берік іргетасын қалады. Елдер арасындағы экономикалық ынтымақтастық тұрақты өсім көрсетіп отыр және оның әлеуеті де, мүмкіндіктері де зор, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Азиялық зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы Болат Әуелбаевтың айтуынша, халықтар арасындағы достықтың нышаны ретінде Баку қаласындағы орталық көшелердің біріне қазақ халқының ұлы ойшылы, ағартушысы Абай Құнанбайұлының есімі берілген.

Президент Ильхам Әлиевтің айтуынша, бұл – «екі елдің достығы мен халықтарымыздың тарихи тұлғаларына деген құрметінің белгісі». Сондай-ақ Сумгаит қаласында қазақтың көрнекті қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың есімі берілген көше бар. Өз кезегінде Астананың орталығында Гейдар Әлиевтің атымен аталған көше бар. Оның ашылу рәсімінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Гейдар Әлиевтің Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынастарды нығайтудағы зор үлесін атап өтті. Тоқаевтың айтуынша, Гейдар Әлиев «қазақтарға әрдайым жылы сезіммен қараған, халықтарымыздың ортақ түп-тамыры мен мәдени мұрасын жоғары бағалаған». Ал Ильхам Әлиев өз сөзінде әкесі «қазақ халқының дәстүрі мен салтын жақсы білген, мәдениеті мен тарихына зор құрметпен қарағанын» айтты, – деді бас сарапшы.

Каспий – бөлетін емес, біріктіретін теңіз

Қазақстан мен Әзербайжанды бөліп тұрғандай көрінетін, бірақ іс жүзінде біріктіріп тұрған басты фактордың бірі – Каспий теңізі. Ол табиғи және энергетикалық ресурстарға аса бай. Екі мемлекет те теңіздің құқықтық мәртебесін айқындауда ортақ ұстаным білдіріп, өздерінің егемен құқықтарын алғашқы болып бекітті.

Бұл бағыттағы шешімдер уақыт өте дұрыс және тиімді болғаны дәлелденді. 2003 жылғы 14 мамырда Қазақстан, Әзербайжан және Ресей арасында теңіз түбін шектеу туралы үшжақты келісім жасалды. Бұл қадам Каспий өңірінде саяси және экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтерді. Каспиймен байланысқан елдер үшін мультимодальды тасымалдарды дамыту – табиғи міндет. Географиялық орналасуының өзі Қазақстан мен Әзербайжанды жаңа Жібек жолының маңызды буынына айналдырды, – дейді Болат Әуелбаев.

Осы бағыттағы индустриялық өндірістер, көлік дәліздері мен логистикалық хабтар қазіргі жаһандық экономикамен тығыз байланыс орнатып отыр.

Қарабахтан кейінгі серіктестік және сенім

Қарабах азат етілгенінен кейін Қазақстан мен Әзербайжан басшылары телефон арқылы сөйлесіп, өзара құттықтауларын жеткізгені белгілі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевтің елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен БҰҰ Жарғысына сәйкес аумақтық тұтастығын қорғаудағы табандылығын жоғары бағалады.

2022 жылы Қазақстан Президентінің Әзербайжанға ресми сапары екі ел арасындағы серіктестіктің жаңа белесін ашты. Осы сапар аясында стратегиялық әріптестікті нығайту және одақтастықты тереңдету туралы бірлескен декларация қабылданды. Бұл құжат екі елдің арасындағы байланыстарды жаңа сапалық деңгейге көтерді, – дейді бас сарапшы.

Тоқаев атап өткендей, «аймақтардың өзара байланысы жаһандық экономиканың дамуына ілесіп, одан әрі күшейе түседі».

Қарабахтың жаңғыруы – аймақтық тұрақтылықтың белгісі

Ұзаққа созылған қақтығыстың аяқталуы Әзербайжан қоғамын біріктіріп, ұлттық бірлікті нығайтты. Екінші Карабах соғысындағы жеңіс ел үшін жаңа тарихи кезеңнің бастауы болды. Бүгінде Әзербайжан азат етілген аймақтарды елдің экономикалық өміріне толық қосу үшін ауқымды құрылыс пен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруда.

Мәселен, Физули қаласында халықаралық әуежай салынып, жаңа жолдар мен әлеуметтік нысандар бой көтерді. Үкіметтің бағалауынша, жеті аудан мен Карабахты қалпына келтіруге шамамен 100 млрд доллар жұмсалмақ.

2024 жылғы наурызда Қазақстан Президентінің Карабахтың мәдени астанасы – Шуша қаласына сапары екі елдің байланысын одан әрі нығайта түскен символдық оқиға болды. Тоқаев пен Әлиев қаланың бас жоспарын қарап, тарихи нысандармен танысты. Президент Тоқаевтың бастамасымен Физули қаласында Құрманғазы атындағы заманауи инновациялық орталық гуманитарлық сый ретінде қысқа мерзімде салынды. Президенттің айтуынша, «бұл қасиетті аймақтың болашағы зор және қарқынды дамитынына еш күмән жоқ», – деп атап өтті спикер.

Аймақтық бейбітшілік және дипломатиялық бастамалар

Қазақстан Оңтүстік Кавказдағы тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтауға ерекше мүдделі. Осы бағытта еліміз бітімгерлік бастамаларды ұсынуда белсенділік танытып келеді.

Президент Тоқаев Баку мен Ереван арасындағы бейбіт келісім процесін қолдап, Алматы қаласын келіссөздер алаңы ретінде ұсынды.

Бас сарапшының пікірінше, Астана сондай-ақ АҚШ-тың делдалдығымен қол қойылған бейбіт декларацияны құптайды және «TRIPP – халықаралық бейбітшілік пен өркендеудің Трамп маршруты» атты жоспардың жүзеге асуына үміт артады.

Транскаспий дәлізі және Зангезур бағыты

Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың маңызды бағыты – Транскаспий халықаралық көлік дәлізі (ТМТМ). Бұл жоба Орталық Азия мен Қытайдан бастап, Оңтүстік Кавказ, Түркия және Еуропа елдеріне дейін кеңістік ашып отыр.

Әзербайжан аумағы арқылы өтетін Зангезур дәлізі де стратегиялық маңызға ие. Бұл жол Арменияның Сюник облысы арқылы өтеді және Иранмен шекаралас аймақтарды қамтиды.

Бүгінде Әзербайжан өз учаскесінде инфрақұрылымды белсенді түрде дамытып жатыр, ал Түркия 224 шақырымдық теміржол тармағын салуды бастағанын хабарлады. Бұл жоба жылына 10 млн тоннадан астам жүк өткізуге мүмкіндік береді. Қазақстан үшін басты мақсат – ТМТМ, «Бір белдеу – бір жол» және «Солтүстік–Оңтүстік» сияқты трансконтиненталды дәліздерді біріктіріп, елді Еуразияның ірі көлік-транзиттік хабына айналдыру, – деп түсіндірді Болат Әуелбаев.

Түркі ынтымақтастығы және болашақ көкжиегі

Каспий өңірінде және бүкіл Еуразияда Қазақстан мен Әзербайжанның белсенді қатысуы өңірлік тұрақтылықтың кепіліне айналуда.

Екі елдің ұстанымдары Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) аясында айқын көрініс тауып отыр. Бұл алаңда тараптар көпжақты және көпқырлы ынтымақтастық орнатып келеді. Осылайша, Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы өзара сенім мен серіктестік тек екі елдің мүддесін емес, Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказдың бейбіт әрі серпінді дамуының негізін қалыптастырады. Бұл байланыс Еуропа мен Азияны тоғыстыратын ірі нарықтарды біріктіріп, жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашады, – деп түйіндеді бас сарапшы.