Қазақстан геосаяси жағдайға байланысты Ресейдің “Сберінен” бас тартты

Қазақстан геосаяси жағдайға байланысты ресейлік “Сбербанк” платформасынан бас тартуды жөн көрген.

Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асқар Жамбақин айтты, деп хабарлайды Экспресс К.

Қазіргі геосаяси жағдайды және өзіміздің басқа да тәжірибелерді саралай келе өз күшімізбен, “Ұлттық ақпараттық технологиялар” орталығымен бірге істейміз деп шештік. Бұл платформа қазақстандық ІТ-компаниялардың күшімен жасалады,

— деді Асқар Жамбақин.

Ол қазір техникалық-экономикалық сараптама жүргізіліп жатқанын, жыл соңына дейін алғашқы сервис дайын болатынын айтты. Ал жаңа жүйеге 2-3 жылда көшеміз деп отыр.

Еске сала кетейік, 2021 жылдың 3 қыркүйегінде Қазақстанның сол кездегі премьер-министрі Асқар Мамин мен Ресей “Сбербанкінің” басшысы Герман Греф елімізде цифрлық трансформация жобаларын жүзеге асыру, цифрландыру платформасына көшу саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын.

ПІКІР ЖАЗУ