Қазақстан Десанттық-шабуылдау әскерлерінің құрылғанына 25 жыл толды

2000 жылғы 8 шілдеде ел Президентінің Жарлығымен Қазақстан Қарулы күштерінде Ұтқыр күштер құрылды. Үш жылдан кейін олар Аэроұтқыр әскерлеріне, содан кейін 2017 жылы Десанттық-шабуылдау күштеріне айналды. 

Олардың құрылуына бұрын 35-ші гвардиялық әуе-десанттық дивизиясының құрамына кірген құрамалар және Қазақстан аумағында орналасқан басқа да бөлімдер негіз болды. 

Бастапқы кезеңде Десанттық-шабуылдау әскерлері терроризмге қарсы және арнайы іс-шараларға тартылды. Сонымен қатар, жеке құрам ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, мемлекеттік шекараны қорғауды нығайтуға және халықаралық жаттығуларға қатысты. 

2000 жылы Десанттық-шабуылдау әскерлері бригадаларының бірінің базасында Алғашқы Кazbat бітімгерлік батальоны құрылды. 2003 жылдан бастап БҰҰ-ның Ирактағы, Ливандағы, Африкадағы және басқа аймақтардағы бітімгерлік миссияларына әскери бөлімдері тартылды.

2022 жылы барлық бағыттар бойынша әскери топтарды күшейту және оларға дербестік беру үшін Десанттық-шабуылдау әскерлері Құрлық әскерлерінің құрамынан ҚР Қарулы күштері Бас штабының қарамағына шығарылды. 

Жауынгерлік әзірлікті және  қабілеттілікті арттыру мақсатында әскерлерде жауынгерлік бөлімшелердің сандық және сапалық құрамын арттыру, басқарудың тактикалық буынындағы барлау және байланыс бойынша іс-шаралар өткізілді. 

Әскерлердің жауынгерлік күшін десанттық-шабуылдау, артиллериялық, шабуылдау, барлау, бітімгерлік құрамалар, бөлімдер мен бөлімшелер құрайды. 

Мұнда әуе-десанттық дайындыққа ерекше назар аударылады. Парашютпен секіру күндіз де, түнде де, әртүрлі метеорологиялық жағдайларда толық жауынгерлік есепте орындалды. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында  әскери қызметшілер 3300-ден аса парашюттен секіріді. 

Жауынгерлерге жүктерді арқандап байлаудың және оларды әскери-көліктік авиация ұшақтарынан десанттаудың, бөлімшелердің бронетранспортерлердегі су тосқауылдарын қоюдың жаңа тәсілдерін белсенді игеру жүріп жатыр. 

Әскери қызметшілер алған дағдыларын басқа әскери құралымдармен жедел және әскери-техникалық үйлесімділікті жолға қоюға бағытталған республикалық оқу-жаттығулар шеңберінде пысықтайды. 

Өткен жылы Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері Беларусьте “Бауырластық шыңы-2024”, Түркияда «EFES‑2024», Үндістанда «Kazind‑2024» халықаралық жаттығуларына қатысты. Сонымен қатар, Жетісу облысында Қазақстанның Десанттық-шабуылдау әскерлері мен Әзербайжан арнайы мақсаттағы күштерінің қатысуымен «Алтын қыран» халықаралық тактикалық-арнайы оқу-жаттығуы өтті.

Десанттық-шабуылдау әскерлеріндегі қызмет барлық уақытта беделді болды. Жеке құрамды жинақтау кезінде үміткерлер қатаң іріктеуден өтеді. Жоғары жауынгерлік шеберлігімен ерекшеленетін, дайындалған, жоғары дәрежелі десантшылар аса күрделі міндеттерді орындай алады және кез келген сәтте егемен Қазақстанды қорғауға дайын.