Катон-Қарағайға енді ұшақпен баруға болады

Биыл Катон-Қарағай, Зайсан және Кендірлі елді мекендерінде жаңа әуежайлардың құрылысы аяқталмақ. Бұл туралы Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата отырысында Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2025 жылы азаматтық авиация саласында цифрландыру жұмыстары белсенді жүргізілген. Қазіргі уақытта жолаушыларды биометриялық сәйкестендіру жүйесі ішкі рейстерде тестілік режимде қолданылып жатыр. Бұл жүйе Астана әуежайында енгізілуде.
Сондай-ақ Алматы мен Астана әуежайларында 8 автоматтандырылған паспорттық бақылау жүйесі орнатылған. 2026 жылы мұндай жүйелер Шымкент, Ақтау, Ақтөбе және Павлодар әуежайларында да орнатылады, – деді Томпиева.
Комитет төрағасының айтуынша, елде ірі әуежайлармен қатар туристік бағыттарды дамытуға да басымдық беріліп отыр. 2025 жылы:
- Ақтау әуежайында ұшу-қону жолағы мен рульдеу жолдарына күрделі жөндеу жүргізілді;
- Астана әуежайында ұшу-қону жолағына жөндеу жасалды;
- Балқаш әуежайының терминалын реконструкциялау толық аяқталды.
Ал 2026 жылы бірқатар ірі инфрақұрылымдық жоба іске асырылады. Атап айтқанда:
- Алматы әуежайының ішкі рейстер терминалы қайта жаңғыртылады;
- Атырауда жаңа әуежай терминалының құрылысы басталады;
- Ақтауда перронға күрделі жөндеу жүргізіледі;
- Павлодар әуежайының аэродромы реконструкцияланады;
- Астана мен Шымкент әуежайларында екінші ұшу-қону жолақтары салынады.
Комитет төрағасы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл Катон-Қарағай, Зайсан және Кендірлі елді мекендерінде жаңа әуежайлардың құрылысы аяқталатынын хабарлады. Сонымен қатар Арқалық әуежайын қалпына келтіру жоспарланып отыр.
Бұл әуежайларда ішкі рейстерді ашу үшін алғашқы жылдары мемлекеттік субсидия қажет болуы мүмкін.
Осы тұста Арқалық әуежайы 34 жылдан кейін қайта ашылмақ екенін де айта кетейік.




