Кәсіпкерлікті қолдау – ортақ міндет

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалында Түркістан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың қатысуымен кезекті қоғамдық қабылдау өтті. Партиялық алаңға келген басқарма басшысы жеке кәсіпкерлікті қолдау шаралары Қазақстан Республикасының Президенті айқындаған басты мемлекеттік міндеттердің бірі екенін айтып, тұрғындардың осы бағыттағы сұраныстарын тыңдау, олардың шешім табуына үлес қосу – мемлекеттік орган атқаратын басты функция екенін мәлімдеді.

Айта кету керек, республика тұрғындарының 10 пайыздан астамы шоғырланған Түркістан облысында шағын және орта кәсіпкерлікті жүргізу үшін қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Өңіріміз белсенді жұмыс жүргізетін кәсіпкерлік субъектілерінің саны жөнінен Астана, Алматы қалаларынан кейін жайғасып, үздік үштіктің қатарын түйіндейді. Биыл кәсіпкерлік ұйымдардың саны қосымша 2 мың бірлікке артып, 208 мың субъектіге жетіп отыр. Шағын және орта кәсіпкерлік секторында барлығы 282 мың адам жұмыспен қамтылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 6 мың адамға артқан. Шағын және орта бизнеспен өндірілген өнім көлемі 390 млрд. теңгеге жеткен.

Саладағы өзгерістердің динамикасы жөнінде кеңінен мағлұмат берген басқарма басшысы, партиялық алаңға келіп базыналарын жеткізген тұрғындардың мәселелерін жеке бақылауында ұстайтынын, олардың шешім табуы заң аясында және қабылданған жоба-жоспарлар шеңберінде жүзеге асатынын түсіндірді.

Басқарма басшысына сауалымен келген Түркістан қалалық мәслихатының депутаты Сәкен Хандиллаев инвестициялық келісім бойынша арнайы экономикалық аймақта балабақша салынуы керек жер аумағынан жерасты жоғарғы кернеулі электр желілері өткенін хабардар етті. Осыған байланысты, инженерлік жүйелерді көшіру мәселесін қозғап, тиісті шешім қабылдануына жәрдем көрсетуді сұрады.

Түркістандық тұрғын Мұхит Ахметов пен Төлеби ауданынан хабарласқан Жанар Қалдыбаева кәсіпкерлікті бастау үшін грант алу және несиелеу шарттары бойынша сұраныстарын жеткізді. Тұрғындардың өтініштеріне жауап берген басқарма басшысы, биылдан бастап кәсіпкерлікті қолдау бойынша «Бірыңғай кешенді бағдарламасы» шеңберінде мемлекеттік гранттар алуға конкурстық іріктеудің қатысушысы болып әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері белгіленгенін жеткізді. Оған «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының финалистері болып табылатын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері қатыса алатынын түсіндіріп, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі болып тіркелудің шарттары жөнінде мағлұмат берді.

Кәсіпкерлікті қолдау бойынша «Бірыңғай кешенді бағдарламасы» шеңберінде өңіріміздегі екінші деңгейлі банктер арқылы микрокәсіпкерлік субъектілері үшін 20 млн. теңгеге дейін кепілсіз микрокредиттер және шағын, орта, ірі кәсіпкерлер үшін олардың кепілдік сомасы шегінде 3 млрд. теңгеге дейін кредиттер берілетінін атап өтіп, «Түркістан» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» мекемесі кәсіпкерлерге ақысыз негізде қызмет көрсететінін мәлімдеді.

Партияның өңірлік филиалы азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетуде тиісті жергілікті атқарушы мемлекеттік органдармен, осы бағыттағы ұйымдармен алдағы уақытта да тығыз ықпалдастықта жұмыс жүргізетін болады.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

 

ПІКІР ЖАЗУ