Қаржылық жауапкершілік: 1000 АЕК-тен жоғары несиелер енді жұбайының рұқсатымен ғана беріледі
Бір ай бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев несие беру кезінде тәуекелдерді азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша Заңға қол қойды. Заң нормаларының қатарында жұбайының (зайыбының) келісімінсіз жеке тұлғаға банктік қарыз беруге тыйым салу көзделген.
Заң жобасын Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» фракциясының мүшелері әзірлеген. Түзетулер елеулі қаржылық шешімдер қабылдағанда ерлі-зайыптылардың екеуінің де бақылауын қамтамасыз етеді. Бұл жұбайлардың бірінің екіншісінің келісімінсіз үлкен міндеттемелерді өз мойнына алуы жағдайларын болдырмауға мүмкіндік береді, себебі бұл отбасы үшін қаржылық қиындықтарға әкелуі мүмкін.
Заң сондай-ақ жұбайлардың біреуі алданып немесе несиенің талаптары мен салдарларын толық түсінбей келісімшартқа қол қоюға мәжбүр болған жағдайда алаяқтық жағдайларын болдырмауға көмектесуге бағытталған.
Сонымен қатар Заң отбасылық бюджет пен қаржылық міндеттемелерге жауапкершілікпен қарау дағдысын қалыптастыруға ықпал етеді. Жұбайлар қаржылық шешімдерін мұқият бағалап, бір-бірімен кеңесетін болады.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі