Қарызы жоқ қоғамда табысы мол отбасы көп болмақ
Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымын кеңейтуді тапсырғаны белгілі. Жоба халықтың қаржылық сауаттылығын көтеруге бағытталып, оқу курстары шеңберінде азаматтар қаржылық тәуелсіздікке бастайтын қадамдарды меңгереді. Дайындықтан өткен, тәжірибелі қаржы сарапшылары өткізетін дәрістерде, тыңдаушылар отбасылық табыстың есебін жүргізуді үйреніп шығады, тұрақты шығындарды қадағалаудың әдістерін меңгереді, қарыздар мен несиелерді жоюдың тиімді тәсілдері жөнінде мағлұмат алады, қаржылық мақсаттарға жетудің балама жолдарымен танысады.
Тұрғындардың шамадан тыс несиеге тәуелді болып қалуымен байланысты күрделі әлеуметтік үрдістің зардабын төмендету, азаматтардың банктер мен екінші деңгейдегі қаржы ұйымдары алдындағы берешегі көлемінің шектен тыс артуына жол бермеу және жұртшылықты қажетсіз шығындарға ұрынып қалмауының алдын алуда қаржылық пирамидалар мен қаржымен байланысты алаяқтық әрекеттерден сақтандыру бағытында, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы, биылғы жылы 10500 азаматты «Қарызсыз қоғам» жобасы аясындағы қаржылық сауаттылықты арттыру курстарынан оқытуды жоспарлаған болатын.
Алға қойған меженің орындалуын үйлестіруде аудан, қала әкімдерінің салалық орынбасарларының қатысуымен жобаның мақсат-міндеттері түсіндірілген жиын өтті. Аудан, қала әкімдерінің осы бағытта атқарып жатқан жұмыстарының барысы Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жұмыс жиынында қаралды, ұсынымдар берілді, олардың орындалуы қадағаланды. «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстардың аралық қорытындылары «AMANAT» партиясының Орталық аппараты өткізген селекторлық мәжілістерде талқыланды, тиісті тапсырмалар берілді, олардың іске асырылуы жүйеленді.
Жобаны нағыз әлеуметке бағдарланған бастама ретінде ілгерілетуде, ауыл әкімдерінің қатысуымен семинарлар өткізіліп, «Қарызсыз қоғам» жобасының мақсаты, халықтың қаржылық сауатын көтерудің маңыздылығы түсіндіріліп, қарызға белшесінен батқан қоғамның әлеуметтік проблемалары таразыланды. Ауыл әкімдерінің осы жоба бойынша біліктілігін арттыру семинарлары үш толқында өткізіліп, барлығы 181 ауыл әкімі оқу курстарынан өтіп, сертификаттарға ие болды.
«Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша партияның өңірлік филиалы бекіткен меженің орындалуы бүгінгі күнге нақты 64,1 пайызға жетіп, биылғы жылы облыс бойынша барлығы 6732 адам қаржылық сауаттылықты көтеру курстарынан өтті. Қазіргі кезде қаржы сарапшыларының қатысуымен Кентау қаласына қарасты Ащысай елді мекенінде, Төлеби ауданының Киелітас ауылында, Созақ ауданының Сызған елді мекенінде, Бәйдібек ауданына қарасты Ақбастау ауылында және Ордабасы ауданының Қараспан елді мекенінде қаржылық сауаттылықты арттыруға арналған оқу курстары жалғасын тауып, тыңдаушылар жеке қаржыны басқарудың базалық негіздерін меңгеруде.
Партияның облыстық филиалы азаматтарды қаржылық сауаттылық курстарымен қамту мәселесін жүйелі бақылауында ұстап, бекітілген жоспардың аудандар мен қалалар кесіндісінде нақты орындалуын қатаң қадағалауды жалғастыруда.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі