Қарттарды қаржы алаяқтарынан қалай қорғауға болады?

 Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ. Алаяқтар қалай әрекет етеді? Алаяқтар зейнеткерге қоңырау шалып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, «шоттағы қаржыны бейтаныс біреу шешіп алуға әрекеттеніп жатыр, сондықтан ақшаны қауіпсіз шотқа аудару керек» деп сендіруге тырысады.

Одан кейін алаяқтар зейнеткерден интернетті немесе мобильді банкингті қолдана ала ма, жоқ па деп сұрайды. Кейін ақшаны қашықтан басқа шотқа аудару үшін телефонға арнайы қосымша жүктеуді ұсынады.

Алаяқтардың құрбаны болмас үшін нені білу керек?

– қоңырау шалған кезде өздерін банк, әлеуметтік қызмет, құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырса да, бейтаныс адамдарға сенбеу керек;

– қоңырау шалушы сізге аты-жөніңізді, тұрғылықты мекенжайыңызды айтып, өтініш жасаса, бұл оның ресми тұлға екенін білдірмейді. Қажетті деректерді әр түрлі тәсілдермен алуға болады. Олар интернетте ашық қолжетімді болуы мүмкін;

– міндетті түрде қызметкердің аты-жөнін, лауазымын сұраңыз және оны қайта тексеру үшін сол ұйымның call-орталығына хабарласыңыз;

– егер телефоныңызда жақын адамның нөмірі шығып тұрса, бірақ оның дауысы нашар естілсе және ол қиындыққа тап болғанын хабарлап, өзіне ақша аударуды сұраса, әңгімені доғарып, оған өзіңіз қоңырау шалыңыз;

– ешқашан және ешкімге жеке деректеріңізді, банк картасының толық деректемелерін, оның ішінде картаның жарамдылық мерзімін, үш таңбалы кодты бермеңіз, сондай-ақ құпиясөз бен картада қалған соманы айтпаңыз.

Есіңізде болсын, банк қызметкері, қаржы ұйымы call-орталығының операторы, құқық қорғау органдарының өкілдері ешқашан телефон арқылы дербес деректерді сұрамайды. Мұндай жеке мәліметтер тек алаяқтарға қажет. Өзге де пайдалы ақпараттармен Fingramota.kz сайтынан таныса аласыздар.

ПІКІР ЖАЗУ