Қарттар күніне орай дөңгелек үстел өтті

Бүгін 1-қазан Халықаралық қарттар күніне орай «Мыңжылқы» мәдениет үйінде «Атадан өсиет-ұрпаққа қасиет» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстелге аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабыл Еспенбетов, аудандық мәслихат депутаты Берік Тұрғанбеков және аудан ардагерлері мен әжелер алқасы мүшелері және оқушы- жастар қатысты. Жиынды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабыл Еспенбетов, жүргізіп отырды. Әбубәкір Сахиұлы хабарлама жасап, қазіргі таңда мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шараларға ерекше тоқталып өтті. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, мерекелік лебізін білдірді.

-Біз қашанда «Үлкенге – құрмет, кішіден – ізден» деген сөзді ұран етіп өскен халықпыз. Ақсақалы мен ақ жаулықты анасын ардақтайтын елдің ұрпағымыз. Тәжірибесі мол аға буынның өкілдерінің өнегелі өмірі, біздер үшін үлгі. Сондықтан да осынау айтулы күннің біз үшін маңызы зор. Сіздер қай істе де ақылшы, арқа сүйер абзал азамат болып қала бересіздер, – деді аудан басшысы Мұхит Тұрысбеков.

Жиын барысында елдік мәселелерді қозғап, ұрпақтар сабақтастығын сөз етті. Келелі отырыста, ардагерлер ой-пікірлерін айтып, ұсыныстарын жеткізді. Аудандық ардагерлер кеңесі жанынан құралған «Сырлы Созақ» көркемөнерпаздар тобы өнер көрсетті. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабыл Еспенбетов елдің дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға алғыс хат табыстады.

ПІКІР ЖАЗУ